Үнді жігітінің етегінен ұстаған тараздық қыз хабарсыз кетті

0
77

Тараз. 14 желтоқсан.77news — Тараз тұрғыны Сәулехан Әбдіханова шетел асып кеткен қызын іздеп таппай жүр. Оның айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын Үнді мұхитындағы Маврики аралына Үндістан азаматымен ілесіп кеткен Ақмарал Әбдіхановадан 4 жылдан бері хабар жоқ. 30 жастағы келіншекті іздеу жұмыстарына еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласқанымен әзірге нәтиже болатын емес. Ал бауыр еті баласын жоғалтқан ана тиісті орындардан оны іздеу ісін күшейтуді сұрап отыр. Себебі, ол перзентін құлдықта ұстап отыруы мүмкін деп есептейді.

КТК арнасының мәліметіне қарағанда, өзінен шамамен 20 жас үлкен Сэнди Тайламимен Ақмарал Әбдіханова 21 жасында Алматыда жүріп танысқан. Қазақ қызына көзсіз ғашық болған үнді азаматы өзінің фирмасына сүйіктісін директор етіп тағайындап қояды. Көп ұзамай екеуі шаңырақ көтеруге уағдаласып, қалыңдығын күйеу жігіт ата-анасына таныстыру үшін Үндістанға алып кеткен. Сөйтіп, Ақмарал он күннің ішінде будда дінін қабылдап үлгеріпті.

Сәулехан Әбдіханова қызын Исламды қайта қабылдауға көндіре алмаған. Кейін ол ешкімге ескертпестен сүйіктісі Сэнди Тайламимен Маврики аралына біржолата көшіп кетеді. Содан бері жақындарымен тек телефонмен байланыста болған. Ал, анасымен соңғы рет 2012 жылы тілдескенде ренжісіп қалыпты. Өйткені ол Үндістан азаматтығын алу үшін туу туралы куәлігін беруді сұраған.

Жат жұртта жүрген Ақмарал 4 жылдан бері мүлдем хабарсыз. Ал осы жылдың наурыз айында Сәулехан мен оның үлкен қызының ұялы телефонына белгісіз нөмірлерден қоңырау шалынған. Бірақ байланыс жөнді болмай, дауыс естілмепті. Ал анасы бұл құлдықтағы қыздың белгі беруі деп есептейді. Ақмарал Әбдіханованың анасының айтуынша, қызы құлдыққа түсіп, басына араша таппай шырқырап жүргенге ұқсайды. Әртүрлі нөмерлерден қоңырау келіп жүргені соның себебі  деп ойлайды екен.

Зейнеткер бұдан кейін бірден Сыртқы істер министірлігіне арыз жазған. Бірақ дипломаттар бірнеше елшілікке хат жолдағанымен, Ақмаралдың жер шарының қай түкпірінде жүргенін анықтай алмаған. Сөйтіп, істі көші-қон қызметіне тапсырған. Енді хабарсыз кеткен қызды халықаралық полиция іздестірмек.

Бауыр еті баласын жоғалтқан ана қызының үнді азаматына қосылуына рұқсат бергеніне қатты өкінеді. Оның ендігі арманы – кенже қызы Ақмаралдың амандығын білу. Ал, іздеу жұмыстарының қиындауына қарағанда Ақмарал Әбдіханова азаматтығын ауыстырған немесе аты-жөнін өзгерткен болуы мүмкін.