Тараз.14 желтоқсан. 77news — Жамбылда жаңа жоба іске қосылды. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен қытайлық CNPC корпорациясы бірлесіп, «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының жаңа станциясын  пайдалануға берді.  Жоба жылына 25 млрд текше метр көгілдір отынды тығыздап Қытайға өткізуге қауқарлы. Сонымен қатар кәсіпорын 100-ден аса жаңа жұмыс орнын да ұсынып отыр, деп хабарлайды 77news.

Бұл станция «Қазақстан-Қытай» магистральдық газ құбырының «С» тармағында жоспарланған, 8 станциясының бірі болып табылады. Сонау Түркімен елінен бастау алатын бұл жоба, негізінен Қазақстанның 3 облысын басып өтеді. Тиісінше өңірге де тигізетін пайдасы орасан. Жылдық салық көлемі 500 млн теңге. Облыс басшысының айтуынша, кәсіпорынның бұдан өзге тиімді тұстары да жетерлік.

«Біз өзімізге  керек 25 млрд.текше метр газ өндіретін болсақ, бұның 20млрд-ын өзіміз тұтынамы,. Қалғаны Қытайға экспорталады. Болашақта осындай екінші коспрессор қосу жоспарда. Екі коспрессор 200адамды жұмыспен қамтиды», — деп атап өтті облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев.

Жаңа компрессорлық станция  заманауи жабдықтарымен жасақталған. Мұнда«Rolls Royce» компаниясының газ айдаушы құрылғылары арнайы алдырылыпты. Әр агрегат сағатына 2,4 млн текше метр газ айдауға қауқарлы. Әрі қауіпсіздігі де қатаң сақталған. Бұл магистральдық газ құбырының үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етпек.

Газ инфрақұрылымында салынып жатқан нысандар, бүгінде өңір экономикасымен қатар жұмысыздық мәселесін де шешуге мол мүмкіндік тудыруда. Жалпы, 2017 жылдың желтоқсан айындағы көрсеткіш бойынша, «Қазақстан-Қытай» магистралдық газ құбырының «А, В және С» тармақтарындағы жобаларда 1113 жұмыс орны ашылған. Бүгінде олардың 90пайызында жергілікті тұрғындар екі қолға бір күрек тауып отыр.