Тараз. 15 желтоқсан. 77news — Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында биылғы жылы дүниеге келген төртінші үшем үйлеріне шығарылды. Олардың есімдері – Мағрұф, Мақсұм және Мансұр, деп хабарлайды Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы facebook парақшасында.

Байзақ ауданының тұрғыны, Тәуелсіздіктің бел құрдасы Аяна Білалованың жұбайымен отасқанына 7 жылдан асыпты. Осы уақытқа дейін құрсақ көтере алмаған ол экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы жүкті болған.

2017 жылдың 13 қарашасында жүктіліктің 31 аптасында кесар тілігі арқылы туылған нәрестелердің салмақтары – 1554, 1452, 1433 грамм болған. Алғашқы екі тәулік жансақтау бөлімінде болған шақалақтар үшінші күні шала туылған нәрестелер патологиясы бөліміне ауыстырылды.

«Құрсағымда үшемнің бар екенін білгенде қатты қуанғаным рас, қорқыныш сезім де болды. Бірақ кейін өз-өзіме келдім. Жүкті кезімде уақытылы дәрігерге қаралып жүрдім, ешқандай ауырсынулар болмады. Аман-есен сәбилерімді дүниеге әкелгелі бері осы орталықтағы дәрігерлерінің қарауында болдым. Менің ақ халаттыларға алғысым шексіз», — дейді Аяна.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбилер айы-күніне жетпей туылса да үшемнiң де, анасының да денсаулығы жақсы. Қазір жақсы күтім алған үшем салмақ қосып, аман-есен үйіне шығарылды.

Жалпы жыл басынан бері аталған перзентханада 5997 сәби өмірге келген. Олардың 134-і егіздер, 4-і — үшем.