Фото: zharar.com

Тараз. 16желтоқсан. 77news — Қайсар рух пен қара күшті қару етіп, еркіндік үшін арпалысқан бабаларымыздың ерлік жолындағы күресі — бүгінгі тәуелсіздіктің үлесі. Жұмыр жердің иен бөлігін иемденіп, жер көлемі жағынан дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында тұрған Қазақстанға тәуелсіз  деген тәтті ұғым бұдан аттай жиырма алты жыл бұрын бұйырды. Қазіргі таңда өмір баспалдағынан өз жолын таңдаған егемен елдің жастары — ертеңгі күннің жарқын болашағы. Ал, жалындаған жастар тәуелсіздікті қалай түсінеді?

Назым САПАРОВА,  ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ  ФИЛОЛОГИЯ ЖӘНЕ ӘЛЕМ ТІЛДЕРІ ФАКУЛЬТЕТІНІҢ 1-КУРС СТУДЕНТІ

Тәуелсіздік бұл — аманат. Ата-бабаларымыздың сан ғасырлардан бері аңсаған арманына қиянат жасауға ешқандай құқығымыз жоқ. Оны ұрпақтан-ұрпаққа аялы қолда мәпелеп, мәртебесін асқақтату — біздің еншіміздегі жауапты іс. Қазіргі таңда еліміздің тұғырлы тәуелсіздігін таныту үшін барлық ерік-жігерімізді аямау қажет. Өйткені, біз жаспыз және біздің барлық жағдайымыз жасалған. Ойлаған ойыңды іске асыру үшін мүмкіндіктер аламаны толығымен қарастырылған. Сондықтан да, тәуелсіздік құсының мәңгілік тұрақтап қалуы сіз бен бізге байланысты. Әлем елдерімен керегесі кең, терезесі тең болу үшін қолдан келгенше аянбай еңбектенуіміз қажет. Егемен еліміздің елеулі болуы үшін, дәл қазіргі сәттен бастап әр қазақтың қара көз баласына «патриоттық» ұшқынды ұялатып, өз Отаныңды шексіз һәм шетсіз сүюді баулуға дағдыландырсақ, ең мықты ел болып шығатынымызға ешкім шүбә келтіре алмасы һақ! 

Гүлзинат ҚИБАТОВАБҚО, ОРАЛ ҚАЛАСЫ,  М.ӨТЕМІСОВ АТЫНДАҒЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІ, МӘДЕНИЕТ ЖƏНЕ ӨНЕР ФАКУЛЬТЕТІ 1 КУРС СТУДЕНТІ

Тәуелсіздік ұғымын «Ұлт.Еркіндік.Мәңгілік ел» деген ұрандарымен қатар қоямын. Тәуелсіздік үшін жаны құрбан болған азамат Қайрат Рысқұлбеков: «… Бұл дүниеде ең зор бақыт — еркіндік екен ғой, кім білген…», — депті. Тәуелсіздігімнің  таңы күліп тұрған шақта, қадірлі елім қамданып мәңгілік ел болуға бел буды. Сан тарау жолға бөлінген саналы ойлар легі біртіндеп өз ретін тауып келеді. Алыстағы арман күндердің біздің бағымызға таяр күні де алыс емес екені көңілге қуаныш ұялатады. Бұл күнге жетуіміз тәуелсіздіктің қазақ даласының аспанына келіп тұрақтауы деп білемін. Ұлтым деп ұран қылған, бозбала-бойжеткендердің еркіндікке қол созуының ең үлкен жетістігі-тәуелсіздік.

Рысгүл ДАУТАНОВА,  11-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ, ҮРЖАР АУДАНЫ, ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЫЛЫСЫ

Менің түсінігімше, Тəуелсіздік — тəңірдің берген тəтті сыйы! Ата-бабамыздың сан ғасырлық қол жетпеген арманы. Бүгінде арайлап атқан азаттықтың ақ таңы — біздей жас ұрпақтың басына қонған бағы. Ал сол ерліктен үлгі алып, ұлы даламызды қорғау — біздің парызымыз. Сүйем қарыс жерді қасық қаны қалғанша қорғаған бабалар ерлігі санамызда жаңғырып, еркіндігімізді бағалауды естен шығармайды. қамыз шымырлап қоя береді. Бүгінгі қазақ баласы ұлан-ғайыр жерді жайлап жатса, ол – ең алдымен, бабалар ерлігінің арқасы. Егемендік жолындағы ерлік елдікке жетеледі. Бұл -біз үшін мақтанышпен ту етер рухты сезім! Жас ұрпақ бұл арқылы марқаяды, шаттанады, еркіндікті жыр етеді.

Сымбат БАЙДІЛДАЕВА, М.Х.ДУЛАТИ АТЫНДАҒЫ ТАРАЗ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ЖУРНАЛИСТИКА ФАКУЛЬТЕТІНІҢ 1-КУРС СТУДЕНТІ

Тәуелсіздік — әкенің қаны мен ананың көз жасы. Қаншама аға-əпкелеріміз қыршынан қиылды. Сол азаматтардың ерлігін естен шығармай үлгі тұтуымыз керек. Жанын, тəнін қиып  намыстанып алаңға шығып бізге  тəуелсіздік сыйлап кетті. Лəззат, Қайрат, Сабира, Ерболдай аға-əпкелердің ерлігін ұмытпай ұлықтау — біздің міндетті борышымыз. Келешек жастардың қолында! Осындай тəуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатқанымды мақтан тұтамын.

 Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ