Фото:Qamshy.kz

Тараз. 16 желтоқсан. 77news – Тәуелсіздік — киелі ұғым. Тарихтың тереңіне үңіліп, әрбір тас бетінде қалған таңбаларға қарап, тәуелсіздіктің оңай келмегенін ұғамыз. Әр заматта азаттықты аңсап, соның жолында жанкештілікпен күресу толастаған жоқ. Сол жолдағы соңғы дүмпу желтоқсан оқиғасы екені даусыз. Желтоқсанның ызғарына қарамастан осыдан 31 жыл бұрын азаттықты аңсаған қазақ жастары бейбіт шеруге шыққан еді. Осы шеру шебінде Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінің  тілшісі Амангелді Әбіл ағамыз да бар.

— Аға, қазіргі таңда 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қандай баға берер едіңіз?

— Желтоқсан — менің түсінігімде оқиға емес,  ол көтеріліс.  Желтоқсан бұрқ етіп басталып,  жалп етіп сөнген дүние емес.  Қанды, азапты көтеріліс  қазаққа теңдікті, бостандықты, тәуелсіздікті алып берген бас көтеру. Қылышынан қан тамған Кеңес өкіметінің ыдырауына, он бес одақтас республиканың  өз алдына ел болуына ұйтқы болған Желтоқсан күні — қасиетті де, қасіретті күн.  Қасиеттілігі тәуелсіздікке жол ашты,  қасіреттілігі қанды қырғын болды.

— Жастарды алаңға апарған нендей күш деп ойлайсыз? Әлде арандатушылардың әрекеті болды ма?

— 1986 жылғы 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің  пленумы болды. Сол пленумда Дінмұхамед  Ахметұлы Қонаевты орнынан алып, Генадий Васильевич Колбинді  сайлады. Бұл  хабарды біз радиодан естідік. Ол кезде  ҚазГУ-дің бірінші курсында оқитынбыз. Сағат түскі бір жарымда радиодан хабар беретін. Содан естіп, фойеге жиналдық . Ол кезде студенттер радио тыңдайтын, теледидар көретін, газет оқитын.  Фойеге шықсақ курстас қыз-жігіттер жиналып қалыпты. «Мынау не деген сұмдық бізді ел деп қарамағаны ма,біз ертен өз наразылығымызды білдірейік алаңға шығып»,  деп тарқастық.  Бізді ол кезде ешкім ұйымдастырған жоқ. Бізді алаңға шығаруға итермелеген қазаққа жасалған қастандық болатын. Сол кездерде қазақ мектептері  көптеп жыбыла бастады. Басқарып отырған қазақ басшысын бір ауыз сөйлетпестен орнынан алып, қазақтың тарихынан, дәстүрінен хабары жок орыс ұлтының өкілін отырғызды. Осы мәселеле көкірегіміздегі ыза кекті сыртқа шығарды.  Ол кезде біздің бар тілегіміз, қай ұлт өкілінен болса да қазақстандық болғанын қаладық.  Мен ересектеу болдым. Өзімнен алты жас кіші қыз-жігіттермен оқыдым. Өзім коммунист болдым. Сол жерде ертесіне үш парға қатысып, алаңға шығуға уағдаластық.  Ал ұстаздарымыз партия саясатына қарсы шықпауға үндеді.  Алайда, бізді ол кезде тоқтату мүмкін емес еді. Бас корпустың алдына жиналдық.  Содан Темирязов көшесімен шеруге шыққандай шұбырып, орталық алаңға беттедік.  Түні бойы «Әр ұлттың өз көсемі болсын!»  «Лениндік ұлт саясаты жасасын!» «Теңдік.Бостандық.Туысқандық!» деген секілді плакаттар жасадық.  Топ бастаушы қазақтың талантты ақыны Бауыржан Үсенов екеуміз болдық. Біз орталық алаңға сагат екі жарымдар шамасында жеттік. Келсек алаңда жастар көп жиналып қалыпты. Екі жүз әлде бес жүз шамасында болу керек. Оларды ішкі істер қызметкерлері қоршап алған.  «ҚазГУ келді» деп айқалайлап топқа қарай кіре бастадық. Біздің ентелеп келіп топты жара көпшілікке қосылғанымыз, жылда желтоқсанда  көрсететін бейнероликтерде көрініс берген.

Ол жерде тек студенттер ғана болған жоқ, жұмысшы жастар тіпті мектептің жоғарғы сынып оқушылары да қатысты. Біз секілді көптеген жастар үсті-үстіне келіп жатты. Қас қарая алаң халық  лық толды.  Сол кезде көзім шалып қалды. Әскери машиналар келіп жатты.  Біз сол кезде Қонаев атамыз алдымызға шығып сөйлейсін мән-жайды түсіндірсін деп  талап қоя бастадық. Ақын Мұхтар Шаханов , Олжас Сүлейменов шығып сөз сөйлесін дедік. Кейіннен білгеніміздей Мұхтар Шахановғанымен  Мәскеугешығармашылық кешін беруге кеткен екен. Ал Олжас Сулеменов сол жерде болғанымен трибунаға шығармай қойған. Сол кезде билік басындағы Жоғарғы кеңес Президумы басшысы Мұқашев сөз сөйледі, бірақ ешнәрсе жарытып айта алмады. «Жатақтарыңа қайтыңдар!» деді. Қазақ тілінде де жақсы сөйлей алмады. Ол жастардың ызасын одан арман кернеді.

— Желтоқсан көтерілісін бас бұзарлар, нашақорлар ұйымдастырған. Соларды басу мақсатында амалсыз қару қолданылды деген қаншалықты рас?

— Алаңға қазақ халқынан тек жас буын өкілдері жиналған болатын. Жастардың биліктен талабы да орынды болды.  Бейбіт түрде Қазақстанды қазақстандық басқарсын дегенді сұрағанбыз. Ал бұл сұрау Кеңес өкіметінің солайқай саясатына қарсы еді. Сондықтан араға арандатушыларды кіргізген екен.

Оны өзім байқадым. Түнгі сағат он жарым шамасында паз автобусы алаңдағы шыршаға келіп соқтығысты.  Ішінен құндыз бөрік, ішік  киген оншақты  адамдар шықты. Ол кезде студенттер олай киінбейтін.  Содан автобусты аударып тастады. Май тамшылап тұрған болатын. Соған от қойып өртеп жіберді. Содан алаңда тұрған тоғыз милиция машиналары өртенді.  Көше киылыстарында тұрған ішкі істер оранының машиналары бәрі бірінен соң бірі өртене бастады. Міне, мен куә болған арандату осындай болды.

Одан кейін жастардың арасында жарақатты таңып адамдар жүрген. Сөйтсек, олар сол кездегі КГБ-ның жасыздары екен гой. Арнайы құрылғымен видеоға түсіріп жүрген.

Сондай-ақ Қазақтелерадио комитетінің басшысы Сағат Әшімбаев деген азамат болатын. Ол кісі де арамызға өзінің операторын жіберген екен.  «Ертеңгі тарих үшін, ертеңгі болашақ үшін»,  деп бейнетаспаға түсіруге нұсқау берген екен. Қазір желтоқсан  көтерілісін еске алу мерекесінде телеарналарда көрсетіліп жүрген роликтер —  сол кісінің еңбегі.  Ол кезде КГБ түсірген бейнелер жойылып кеткен болатын.  Арандатушылылыққа куә болған соң бір жамандықты ішім сезіп, сағат он екіден асқаннан кейін біраз жігіттерді ұйымдастырып қайтуға үгіттедім.  Мұның артының жаман болатынын айттым.  Сонда досым  Бауыржан Үсеновтың айтқаны әлі есімде.  Әу Жәке деуші еді мені. «Әу, Жәке» деді. «Бұл жүз жылда бір болатын ұлы ерлік. Тәуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады» деген. Барақ ол сөзді елемей Бауыржанды және бірнеше балаларды алып жатақханаға қайттық. Келсек, деканымыз, бірер ұстазымыз бар және бізге белгісіз азаматтық киімде тағы бір екі адам болды. Біздің үстіміз қан, мұз қатқан, түрімізден  алаңнан келгеніміз айтпасада түсінікті еді.  Содан түнгі сағат үште университетте коммунисттерге арналған шұғыл партия жиналыс өтті. Жиналыста университеттің партком хатшысы Чесноков, оқу министрлігі Нәрікбаев қатысты. Сол кезде Колбин Конаевпен екі рет сөйлесті. Партия екі сөйлемейді қалай болғанда да  басыңдар деп айтқан екен.  Сондықтан тынышталуымызды сұрады.

Ал ертесіне  мұғалімдеріміз бізді оқу орнымызға қамады. Сыртқа шығатын есіктердің барі сырттан бекітіліп, біз шыға алмай қалдық. Бірақ сол күні алаңға шыққандарды аяусыз қырған екен. Итке қаптыру, аяусыз тепкі  бәрі сол күні орындалған екен. Тергеу изолияторға жапқан.  Оған сыймағандарын казармаға, одан кейінгілерді жүк көліктеріне малша тиеп қала сыртындағы қоқыс төгетін алаңға аударып тастаған екен. Қыздарды ана болу бақытынан айыратындай айуандық жасаған. Осындай сұмдықтың бәрі сол он сегізінші күні болған.

— Қудалаудан қалай аман қалдыңыз?

— Қудалау үш күнен кейін басталды.  Біздің курста Гүлнар Әшімова Шығыс Қазақстан облысының қызы бар еді. Сол алаңда бірден көзге түскен екен. Студенттік билетін көрсетіп, комсомолдан шығарылды. Және әкесін шақыртып , оқудан шығарып, ауылына қайтарып жіберген болатын.  Ал біздің курста тоғыз коммунист болатынбыз. Бізді басқа комунисттер қолдап, партия қатарынан шықпадық. Ол кезде көпшілік, азшылыққа бағынатын. Сол көмек болып, оқудан шықпадым, партия қатарынан шықпағандарды ешкім соттай алмайтын. Оның үстіне ауылымызға Сарысу ауданы Байқадам ауылына  дерек жинау үшін хат жолдаған екен. Сонда әкемнің соғыс ардагері екені, анамның көп балалы ана екендігі және өмірден озып кеткендігі туралы дерек келді. Мені, жетімдігімді ескерген болар әйтеуір жазадан босатылдым.

— 16-17 желтоқсан мереке күндерін қалай өткізесіз?

Ол күні ешқайда той, туған күн және басқа да қызықшылықтар болса бармаймын.  Үйде отырып, аза тұтамын, Желтоқсан құрбандарын еске алып, білген дүғаларымды бағыштап отырамын. Желтоқсан жайлы деректі фильмдерді көріп жатамын. Қасиетті де, қасіретті күнді еске алып жатамын.

— Қазіргі жастар желтоқсанның қадіріне жетіп жүр ме? Тәуелсіздікті бағалай ала ма?

— Жастар желтоқсанның қадіріне жете алмай жүр. Алайда барлық жасқа топырақ шаша алмаймын. Алайда осы тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін аянбай еңбек етіңдер. Болашағымыздың баяндылығы үшін тер төгіңдер дегім келеді. Жастар талмай еңбек етсе Қазақстанымыз бұдан  әрі қарыштап дами бастайды. Тәуелсіздік тұғырының берік болуы қолының қажыры, жүрегінің түгі бар айбынды жастардың қолында деп есептеймін.

Аға, сұхбатыңызға рахмет. Сіз секілді айтары бар, жөн сілтер азамат жастарға қашанда керек. Сіздер бізге үлгісіздер. 

                                                                                                     Гүлнар Ділдаханқызы