Фото: glavcom.ua

Тараз. 20 желтоқсан. 77news — 2018 жылы Талас ауданына қарасты Ақкөл, Қызыләуіт, Үшарал ауылдарына газ тартылады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Облыс әкімі К. Көкірекбаев Талас ауданынына арнайы жұмыс сапарына барды. Іссапар барысында аймақ басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық, өндірістік нысандарында болды. Атап айтқанда, Ақкөл-Саудакент тас жолынан Қызыләуіт ауылдық округіне қарасты Ақтөбе елді мекеніне дейінгі 3 шақырым тас жолдың жағдайын көрді. Осы елді мекендегі «Ақтөбе» мешіті мен бастауыш мектептің жағдайымен танысты. Сондай-ақ, Ақкөл-Тоғызкент тас жолының Үшарал ауылына дейінгі 53 шақырым бөлігінің және Үшарал ауылындағы Ә.Сағынтаев атындағы орта мектептің жағдайына қанықты. Сонымен қатар, Үшарал ауылындағы жаңадан пайдалануға берілген спорт алаңын және спорт кешенінің құрылысы жоспарланған орынды көрді.

Жұмыс сапары барысында облыс басшысы  «Қаратау ПРО» ЖШС мен  «Жамбыл Недр» ЖШС- нің жұмыс қарқынымен және Қаратау қаласындағы пайдалануға берілетін 3 мөлтек аудандағы №51 көпқабатты тұрғын үйдің жұмысымен танысады.

Сондай-ақ, алдағы жылы Талас ауданына қарасты Ақкөл, Қызыләуіт, Үшарал ауылдарына газ тартылатыны белгілі болды. Қазір аталмыш үш елді мекенге газ құбырын жеткізу бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірлеу үшін тиісті қаржылар бөлінді.