Фото: inform.kz

Тараз. 20 желтоқсан. 77news — Қазақ сайттары арасындағы бәсекелестікті күшейту керек. Онсыз заман ағымына ілесу мүмкін емес. Бүгін қазақ сайттары редакторларының форумында алғашқы сессияның модераторы, танымал журналист Серік Жанболат осындай пікір білдірді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз сайттың теxнологиясын, ақпараттық теxнологияларды меңгермейінше сайтты дамыта алмаймыз. Бүгінгі заманда кез келген адаммен тікелей байланысуға болатын деңгейге жетіп отырмыз. Ал біздің қазақ сайттары осыны қатты қолданып жатқан жоқ. Жалпы, біз жаңа теxнологияларды толығымен қолданып жатқан жоқпыз. Осыны ашық айтуымыз қажет. Мен өзім бір нәрсені дұрыс көремін. Қазақ журналистерінің ортасында, қазақ сайттарының арасында бәсеке болса ғой, шіркін. Бәсекеден қорықпау қажет. Әлгі, бізді бәсекелес десе, шалқамыздан түсеміз ғой. Ондай бәсекелес емес. Бәсекелес болайық, бірақ бір-бірімізді жерлеу үшін емес, бір-бірімізді сүйреу үшін…», — дейді С.Жанболат.

Айта кетейік, алғашқы сессияда контент пен оқырман талабы мәселесі талқыланды. Сол жерде «Мінбер» журналистерді қолдау қорының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы қазақ сайттарының негізгі мәселелерін атап өтті. Оның айтуынша, қазақ тілді кеңістікте қаржы-экономикалық материалдар аз. Ал сайттардың өздері жеңіл-желпі тақырыптардан шыға алмай жатады.