Тараз. 22желтоқсан. 77news — Қоңсылас  қырғызбен қатнасты реттеу үшін екі ел президенті бір мәмілеге келген болатын. Соған сай қос елдің үкіметі жұмыс тобын құрды. Жол картасы бекітіліп, қырғыз тарабы Еуразиялық одақтың талабын орындауға міндеттелген еді. Бүгінде бұл құжат кедендегі кедергіні азайтуға сеп болды.  Шекарадағы шиеленіс шешілді ме? Қос тарап Қордайда кездесіп, осы және өзге де шаруа жайын талқылады, деп хабарлайды 77news.

Аталмыш құжатта шекаралық, көлік, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау, кедендік және салық салалары тәрізді екі жақты әріптестіктің өзекті мәселелерін кешенді түрде шешуді көздейтін 50 шара қамтылған. Бүгін қырғыз мемлекетінің өкілдеріне сол жоба бойынша кедендегі көлікті бақылауда  атқарылатын істер мен жылжымалы мобилдік бақылау пунктінің жұмыс барысы таныстырылды. Мамандардың айтуынша, биылғы жылы көрші елден шыққан екі мыңнан аса жүк көлігі заң  бұзушылыққа жол берген. «Осы және өзгеде кемшіліктер қырғыз тарапына дәлелдермен түсіндіріліп, қателіктерді жоюға шақырып отырмыз. Ол үшін екі жақ әріптестік қарым-қатнас орнатудамыз»,-деді ҚР Инвестициялар және даму министрлігі көлік комитеті төрағасының орынбасары Самат Ғилымов.

Мобильдік бақылау посты

Жиын соңы тәжірбие алмасуға ұласты. Көліктердегі артық салмақты анықтайтын мобилдік бақылау постының жұмыс барысы таныстырылды. Межеден тыс артылған жүк таситын көліктер күре жолдың қызмет көрсету мерзімін кемітеді екен. Яғни мерзімінен бұрын тозуға әкелетін көрінеді. Сондай-ақ мұндай бақылау көліктердің кеденде ұзақ бөгелуін жояды. Және рәсімдеу құжаттарын қысқартады. Енді осы мобилдік тексеру екі жақтан жүргізілсе шекарадағы шиеленіс шешілері хақ.

Қырғыз тарапының қызығушылығын арттырған жылжымалы пост келесі жылдан бастап айыр қалпақты ағайындар елінде де  тәжірбиеден өтпек.  «Біз өзіміздегі кемшіліктерді жоямыз. ЕАЭО талаптарына сай келетін дәрежеде бақылау  жасауды мойнымызға аламыз»,-деп уаде берді қырғыздық Автокөлік агентігі деректорының орынбасары Арсланбек Қасымалы Улу.