Фото: auto.drom.ru

Тараз. 25желтоқсан. 77news — Соңғы кезде әлеуметтік желіде де, ауызекі әңгімеде де  “2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО Кеден кодексі күшіне енсе, Ресей мен Экономикалық одаққа мүше басқа елдерден Қазақстанға автокөліктерді экологиялық класстарға шектеуге қарамастан алып келуге болады”, деген ақпарат тарады. “Мұның салдарынан автокөлік арзандайды екен”, деген сөз де айтыла бастаған. Бұл қаншалық рас?

Мұндай жағдай үш жыл бұрын болған. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық одақ елдерінен әкелінетін автокөлікке салынатын ҚҚС алынып, Кедендік одақтың техникалық регламенті іске қосылған кезде Ресейден көлік тасымалдау күрт артқан еді. Нәтижесінде Қазақстандық автокөлік салондарындағы сату көлемі күрт түсіп, екінші дегейлі нарық ескі көлікке толған. Жарты жылдан кейін ҚР Инвестиция және даму министрлігі жергілікті автоөндірушілерді құтқару үшін № 342 бұйрықты шығарып, ҚР аумағында Евро-4 экологиялық классынан төмен, АБС және көлденең қауіпсіздік жастығы, күндізгі жарық оттары қарастырылмаған автокөліктерді тіркеуге тиым салды. Бұдан кейін бірінші кезекті тіркеу құны мен автомашинаны кәдеге жаратуға алым құнын көтеріп ЕАЭО аумағынан көлік тасымалдауға мүлдем тоқтау салды. Тоқтам қазір күшінде және келесі жылы да өзгеріссіз қалады. Бұл туралы kolesa.kz тілшісіне ҚР Инвестиция және даму министрлігінен және Энергетика министрлігінен хабарлаған.

Аталмыш заңға қашан өзгеріс енгізгенше шетелден көлік тасымалдау соншалықты оңай және арзан болмайды екен. Сондықтан келер жылы Ресейден көлік тасымалдап, бағасы арзандайды деген әзірге қауесет қана болып тұр. Тіпті көтерілуі де мүмкін. Өйткені көлікті кәдеге пайдалану үшін төленетін төлем АЕК-пен бірге өседі. 2018 жылдың

1 қаңтарынан есептік көрсеткіш бес пайызға 2 269 теңгеден 2 405 теңгеге дейін өседі. Мәшинені кәдеге жарату алымының негізгі мөлшерлемесі 50 АЕК тең. Жаңа көрсеткіш бойынша алым 6 800 теңгеден 120 250 теңгеге дейін өседі. Мысалы: көлемі 3.5 Toyota Camry алып келсеңіз, утилизациялық алым 2.6 млн теңгеден 2.8 млн теңгеге дейін өседі.