Фото: Массагет.кз

Тараз. 25 желтоқсан. 77news — Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақырту үрдісі бұрынғымен салыстырғанда азайып барады. Бұл туралы  әулиеаталық мереке ұйымдастыру агентіктері 77news тілшісіне берген шағын сұхбатында айтып өтті.

Өткен жылы мұндай шақыртулар алдыңғы жылмен салыстырғанда бір жарым есеге азайып кеткенін айтады. Биылғы жылы тағы жаңа жылды Аяз ата, Ақшақармен бірге тойлаушылар қатары сиреген.  Алайда,  баға сол қалыпта. Яғни, ұжымдық мерекелік кештерде қойылым қою бағасы — 15 мың теңге. Ал, қосымша кейіпкерлерімен қоса шақырсаңыз, осы баға 10 мыңға көтеріледі. Сондай-ақ  Аяз ата мен Ақшақарды үйге шақыру құны — 8 мың теңге.
Тараздық мереке ұйымдастыратын  «Рамалин» агентігінің маманы Әсем Сейдазимованың айтуынша, бір мерекелік кеште қойылатын қойылым 30 минутты құрайды. Ата-аналар балаларының көңіл күйін көтеру үшін Аяз Ата, Ақшақарға қоса мультфильм кейіпкерлерін және сайқымазақтарды да көп шақырады екен. Әсемнің айтуынша көңілді кейіпкерлердің қызметін қалталы азаматтар ғана пайдаланады екен.