Ермегияевті есіркеймін деп түрме басшысы есеңгіреп қалды

0
34

«ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевке жазасын өтеп жатқан түрмеде жақсы жағдай жасап бергені үшін ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы мен орынбасары ұсталды, деп хабарлайды Вaq.kz ақпарат агенттігі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне сілтеме жасап.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының деректеріне сүйенсек, ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің бастығы мен орынбасары Талғат Ермегияевке алкогольді ішімдік ішуге, ұялы телефон мен интернетті еркін қолдануға рұқсат беріп, шектеусіз кездесуді заңсыз ұйымдастырып отырған.

«Сотталған «ЭКСПО» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевке жазасын өтеу кезінде жақсы жағдай жасап бергені үшін ЕЦ-166/10 түзеу мекемесінің басшысы Әбен Н.С. және Мұсаев Т.О ұсталды және сот санкциясымен қамауға алынды», — деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, ауыр құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық-атқару жүйесі қызметінің 13 лауазымды тұлғасы тәртіптік жазаға тартылды. Оның ішінде, 11-і өз лауазымынан босатылды және 2-еуі қызметін толық атқармағаны үшін ескерту алды.

Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Айта кетейік, 2016 жылдың маусым айында «Астана «ЭКСПО-2017» компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пара алғаны және бюджет қаражатын жымқырғаны үшін 14 жылға бас бостандығынан айрылған болатын.