Фото:Total.kz
  • Ұлы дала баласы  қарапайым халық өкілін ғайбаттаймын деп басы дауға қалды. Бұл туралы әңгіме әлеуметтік желіні жарды. Әркім әртүрлі айтып, жазып, ақтап, мақтап, даттап та жатты. Ал, бұған біздің Жамбылдық атқа мінер азаматтар мен қарапайым халық не дейді? 77news ақпарат агенттігінің тілшілері сауалнама жүргізіп көрді.   
Фото: Stan.kz

Айбек СЕЙІТОВ, ӘНШІ

— Адам деген қатыгез боп бара жатқанына көзіміз жетіп отыр! Біреуіміздің аяғымыз шалынып құласақ, бәріміз жатып күлетін болған күнге жеттік. Түсінем, өмір де қиындап кетті, әркімнің өзінің өмірлік қиындықтары толып жатыр. Басқаның өмірінде ешкімнің  шаруасы болмай кеткен күндер. Орысша айтқанда «Не мои проблемы» дейтіндер молшылық. Мен өз басым қазір Төреғали ініміздің ішінен қалай қатты уайымдап отырғанын алыстан ақ сезіп отырмын! Иә, қателіктер болады. Мінсіз адам жоқ! Дегенмен, адам адамға кешірімді болу керек! Ол концертте отырған кісі де қателіктер жіберген шамасы. Қазаққа тән мәдениетіміз қайда кетіп бара жатыр? Не мынау, жаппай инстаграм әлеуметтік жүйесінде бәрі жабылып жас балаға?! Сабырлық сақтайық, қалай айтсақ та ол өз бауырымыз, қазақтың баласы! Қандасымыз! Біреуіміз кішкене ғана өзімізден асып кетсе болды, етегінен төмен қарай тартуға ұмтыламыз. Қалай ойландырса да, бұл баланың маңдайында жұлдызы жанған бала! Сабыр етіңіздер, ағайын! Шетелдің батысынан келген «у-шудың» бәрін өз бойымызға сіңдіріп жүрміз. Біреудің сыртынан жаман айтып, күнә жинамайық , әсіресе желі қолданушылар. Өтінеміз. Болар xалық бірін-бірі батыр дер, сол айтпақшы, бір-бірімізбен сыйластықта өтейік. Өмір-өзен қысқа. Өміріміздегі жақсы мен жаманға баға беріп, соттайтын бір — АЛЛАҺ! Менімен келіспейтіндер де болады қазір, мен білемін. Дегенмен, ойланайық ағайын! Жақсылығымыз көп болғай! Бір-бірімізді құрметтейік!

Ерман ӘБДИЕВ, ЖУРНАЛИСТ

Төреғали жұлдыз болды. Көрші жатқан Өзбекстанда сахнада ос….п қойған өнерпазды бір ай мақта теруге жібереді екен. Тəжікстанда мың өлең жаттатады екен. Кеше Төреғали кешірім сұрағанда «Енді осы ағаттығым үшін бір ай мал бағам…» деп айта ма деп күткен едім ғой..

Қуаныш ЖАНАХМЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

– Төреғалидің  бұл әбес іс-әрекеті дұрыс болмады. Халықтың арқасында ұлы дала баласы болып жүрген Төреғали қанша қате болса да көрерменге дауыс көтеріп, дөрекілік танытпауы керек еді. Не дегенімен халықтың арқасында көгеріп, танылған. Халық қолдауы жоғары көтерген болса, жоғарыдан төмен құлататын да елдің ықыласы. Саған артылған сенімді шәлкеу мінезіңнің жемтігіне айналдырғаның дұрыс емес. Ер жігіттің мінезі ұрыста емес, тұрыстан көріну керек. Бұл ағалық тілегім деп біл.

Алмаш ЕРМЕКБАЕВА, ҰСТАЗ

– Төреғалиді әншілік бағытта онша тыңдамаймын, алайда ақындығын қатты сыйлаймын. Өнер жолы ауыр жол екені рас, ел — сыншы. Концертте айтқан ғайбат сөзі орынсыз болды. Сын айтқан ақсақалға дауыс көтермей, өнер адамы екенін білдіріп, мәдениеттілік таныту керек еді. Сонда бұған дейін қасықтап жиған абыройы бір күнде төгілмес еді. Өзіңнен кейін еріп келе жатқан, сені үлгі етіп жүрген  жас ұрпақтың саған көзқарасы енді оң болмасы анық.