Фото:Ақорда

Нұрсұлтан Назарбаев жыл қорытындысы бойынша отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесті. Президент БАҚ өкілдерімен кездескеніне қуанышты екенін атап өтті. Журналистердің әрбір сұрағына жауап беріп, биылғы жылы атқарылған және келесі жылы жоспардағы мәселелерге бір-бірлеп тоқталды.

Мемлекет басшысы саяси жағынан бұрынғы кеңестік жүйеден заманауи жүйеге көшкенімізді, либералды саясат жүргізіп жатқанымызға тоқтала кетті. «Алдымызда үлкен мақсат та бар. Ол — 2050 жылға дейін елдің өркендеуі, 30 дамыған озық елдің қатарына енуі. Сол үшін тек қана экономикамен, саясатпен қала алмаймыз. Рухани жағдайымыз да бірге өсуі керек. Рухы мықты ел қандай қиыншылықтарға да төтеп береді. Сондықтан біз рухани жағымызға көңіл аударатын кез келді деп санаймыз. Оның барлығы жұртқа белгілі. Оның 6 тармағы бар. Барлық жағынан жұмыс істеліп жатыр», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиын барысында тіл мен діл, халықтың рухани және мемлекеттің саяси өмірі тілге тиек болды. Елбасы айтқандай, халықты үймен емес, жұмыспен қамту — мемлекет міндеті екендігі айтылды.

Елбасы өз сөзінде латын графикасындағы әліпбидің маңыздылығына тоқтала кетті. «Тәуелсіздік алған күндердің басынан бастап айтып келе жатырмыз осы мәселені. Нағыз тәуелсіздік — ол тілдің де тәуелсіздігі. Мұның бері жағында бүкіл дүниенің 70 проценті сол әліпбимен жұмыс істейді. Біріншіден — бұл ғылымның, технологияның, интернеттің әліпбиі. Бұл әліпби қазақтың тіліне қаншалықты пайда әкелетінін жазушылар, журналистер жақсы біледі. Кириллицаның ішінде бізде қолданылмайтын әріптер бар. Ол жағын да ойлауымыз керек. Үшіншіден біз өркениетті елдердің арасында қосылып, 30 дамыған елдің қатарынан көрінеміз десек, солармен бірге болуымыз керек қой. Сондай-ақ, қазақ тілін басқа халықтардың үйренуі үшін де бұл әліпбидің пайдасы бар», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы қазіргі таңда бұрынғы жарияланған кітаптарды интернет арқылы жаңа әліпбиге аудару қиыншылыққа түспейтінін ескертіп өтті. «Бұл мәселеде «неге, қалай?» деген сұрақтарды қойып, нақты іске кірісу керек. Халықтың көпшілігі, 95 пайыздан көбі осыны қолдады. Әсіресе, өз халқымыз. Кирилл қарпі де қалай жұмыс істеді, солай жұмыс атқара береді. Бізде бірінші сыныптан бастап балалар үш тілде оқиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде. 2025 жылға қарай мектеп бітірушілердің барлығы жұмыс атқара алатындай деңгейде үш тілді меңгеретін болады. Онда ешқандай мәселе туындамайды. Барлық мектептерде бірінші сыныптан бастап ағылшын тілі оқытылады. Қандай әліпбимен оқытылады? Латын әліпбиінде. Сондықтан, балалар оны тез меңгереді», — дейді Президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге, латын әліпбиіне көшкен түркі тілдес ағайындардың жетістігін атап өтті. «Мен «Егемен Қазақстан» газетіне, қазақ тілді басылымдардың бір бұрышында сол тілмен жаза беруді ұсынамын. Ел оқи берсін. Өзім кабинетімде отырып, Абайдың сөздерін латын әліпбиімен жазамын. Бастапқыда оңай болмайды. Көшенің аттарын, ауылдың атттарын ептеп сол әліпбиге көшіреміз. Газеттердің бір бұрыштарында сол әліпбимен жазылар болса, елдің сол арқылы тілі жаттығады», — дейді ҚР Президенті. Елбасы кездесу барысында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жөнінде пікір білдірген болатын.

Сондай-ақ, ЭКСПО-дан кейін қандай өзгеріс болатыны және қалаларымыз экологиялық таза қоғамдық көлікке қашан ауысатыны туралы да сөз болды. Мемлекет басшысы Қазақстан ең ластанған елдердің қатарына жатпайтынын айтты. «Әлемде көміртекке, ластануға, планетадаға ауа температурасының көтерілуіне қарсы қозғалыс баяғыдан бар. Осы ұйымның арнайы хаттамасы аясында әр елге квота беріледі. Біз осы квота арқылы қаржы алуымыз керек. Қазақстан аса ластанған елдердің қатарына жатпайды. ең ластанған нөмері бірінші ел — АҚШ. Өйткені, оның экономикасы үлкен. Осындай жоғары экономикалы елдер ауаны ластайды. Біз ластайтын ел емеспіз, өйткені біздің экономикамыз үлкен емес», — деді Назарбаев.

«ЭСКПО көрмесі кезінде 190 жаңа ғылыми инициатива сыналды. Біз олардың барлығын жазып алдық. Қазақстанның университеттері жасыл экономика жоспарын құрған елдермен 66 меморандум жасасты. Қазақстанның жекеменшік немесе жекеменшік болмасын ұлттық компаниялары да оларды ендіру үшін 45 меморандумға қол қойды. Яғни, ЭКСПО-дан кейін ешкім ешқайда кетпейді. Өйткені, ЭКСПО-дан кейін жасыл технологиялар орталығы құрылады. Яғни, әкелінген барлық ғылыми жобаны бір ортаға шоғырландырып, ендіреміз. ЭКСПО-ны өткізу үшін 160 елдің ішінде жарыстық. Содан бастап жұмыс істей бастадық», — деді Мемлекет басшысы.

Елбасы 2025 жылға дейін энергияның 3 пайызы баламалы энергия көздерінен алыну керектігін айтты.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан ауаны ластайтын автомобильдер санын азайтып, баламалы энергия көздеріне толық көшуге асықпай, жоспармен жылжиды. Өйткені, бірден баламалы энергия көзіне көшу — қымбат.

Сонымен қатар, сұхбат барысында елімізде республикалық маңызы бар жолдар кейінге қалдырылып, облыс ішіндегі жолдар жөнделетіні жайлы айтылды. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызының сапасы жақсы. Яғни бұл мәселе реттелген. Ендігі кезекте облыс ішіндегі ауданаралық жолдар жөнделмек. «Бұрын біз республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуді қолға алдық. Транзиттік қамтамасыз етуді көздеген едік. Қазір республикалық маңызы бар жолдардың 85 пайызының сапасы жақсы деп айта аламыз. Сондай-ақ, облыс ішіндегі жолдар бар. Онда 60 пайызы ғана жақсы.

Елбасы журалистердің еңбек миграциясы, «жасыл» экономика қағидаттарын енгізу және «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру мәселелеріне қатысты кезекті сұрақтарына ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы биылғы жылда жеткен жетістіктерімізді санамалап отырып, ағымдағы жыл Қазақстан үшін табысты жыл болғанын атап өтті.