Фото: gidbaby.ru

Мектептердегі жаңа жыл мерекесі бүгінде қалай тойлануда? Жаңа жылдық шырша шарасын арнайы агенттіктердің ұйымдастыруына беріп балаларымыздың тәрбиесіне салғырт қарап жатқан жоқпыз ба? Осы сұрақтар төңірегінде сөз қозғауды жөн көрдік.

Жаңа жыл — үлкенді-кішілі барша адамдардың асыға күтетін мерекелерінің бірі және бірегейі. Бұрынырақта әсіресе, мектеп жасындағы балалар осы күнді бір жыл армандап, күтетін. Себебі, әркім өз хәлдерінше өнерлерін көрсетіп, ата-аналарының алдында мақтанып, мадақ естіп жататын. Бірі аң боп киінсе, бірі мультфильмдегі кейіпкерлерге ұқсағысы келетін. Қиялға беріліп, жаңа жылдық киімінің үлгісін дайындап, өз кейіпкерінің образына енуге тырысатын. Қарап отырсақ, бұл тәрбие еді. Баланы өнерге баулу болатын. Еңбектенуге үйрететіні анық.

Ал бүгінгінің балалары «дайын асқа тік қасық» деп арнайы агенттіктер ұйымдастырған кешті тамашалап, көргені, келгені үшін ақшасын төлейтін болып жүр. Бұл үрдіс осыдан он шақты жыл бұрын басталған болатын. Сол кезде жақсы екен дегенімізбен, болашақ ұрпақтың келешегіне балта шауып жатқандаймыз. Менің ойымша, баланы «ауырдың үстімен жеңілдің астымен жүруге» тәрбиелеудеміз. Бала тәрбиесінде болмашы деп қараған дүниелеріміздің өзі «үлкен жолда» ұрпағымызға кедергі болып жатуы мүмкін. Мәселен, өздері ұйымдастырмаған мерекеде болған балалардың қиялы дамымайды, ойлау, ұйымдастыру қабілеттерінің аясы тар болады. Ал, өздері ойларын айтып, сахналық көріністерін орындап, билеп, ән айтып жатса балаға зиян ба? Әрине зиян болмайды қайта талантын шыңдайды.

Сонымен қатар, бүгінде жаңа жылдық шыршада балаларымыз Аяз Атаның қолынан сыйлық алмайтын болды. Сыйды ата-анасының дайындағанын біледі. Сол себепті тақпақ жаттап, өнерлі болуға да тырыспайды. Өйткені өнер көрсетпесе де сыйлық алатынына көзі жетеді. Ал ертеректе сыйды еңбектену арқылы алатын болған. Және Аяз Атаның мақтауын естіп, жетістікке жеткендей қуанып, масаттанып қалатын.

Сондай-ақ бір мәселе, агенттіктер ұйымдастырған жаңа жылдық шырша көбіне ресми тілде өтеді. Жалдамалы аниматорлар шұбар ала тілде сөйлеп, шыршаның шырқын кетіреді. Қазақша тілі шыққан бүлдіршін орыс тілін ұқпаған соң онда болып жатқан дүниенің қадірін қалай ұқсын. Ақыры берген 500 теңгесі ақталмай үйге көңілсіз келетін жайттар да кездесіп жатады.

Жаңашылдыққа бет бұрғанымыз жақсы ғой. Алайда жаңалыққа жол береміз деп ескі құндылықтарды өлтіріп алмауымыз керек. Әсіресе, тәрбиеге қатысты болғанда. Бала тәрбиесі бесіктен басталатынын естен шығармайық.

Гүлнар Ділдаханқызы