Тараз. 27 желтоқсан. 77news — Жамбыл облысының орталығында «Кәсіпкерлер үйі» ашылды. Бұл орталық кәсіпкерлерге қызмет көрсетеді, деп хабарлайды 77news.

«Кәсіпкерлер үйінде» жаңадан кәсіп бастағысы келген азаматтарға құқытық көмек, болашақта үлкен жетістікке жету үшін бағыт-бағдар, кеңес беріп отырады. Ақпарат қолжетімді болу үшін мұнда «Бір терезе» қағидасы жұмыс жасайды. Яғни, кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы – бизнестің дамуы мен бәсекеге қабілеттілікті арттыруға жағдай жасайды. Бірегей жоба – бизнесті ашу және жүргізу, заңдық, бухгалтерлік, салықтық есеп және тағы да басқа қызметтер түрлерін ұсынады. Енді, кәсіпкерлер табанынан таусылып түрлі мекеменің есігін қағып әуре болмайды.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, «Кәсіпкерлер үйінде» «Жер қатынастары», «Архитектура» және «Көші-қон полициясы» мекемелерінен мамандар отырады. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен туристтік ақпараттық орталық та осы жерден табылады. Яғни, саяхаттауды жаны сүйетін жандар да осы орталықтан барлық қажетті ақпаратты ала алады екен.

Мұнда кәсіп ашқысы немесе кәсібінің көкжиегін кеңейткісі келген әрбір азаматқа көмек көрсетіледі. Орталықтың тағы бір ерекшелігі инвесторларға да өз қызметін ұсына алады. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мәріпбек Шекербеков, — Енді, кәсіпкерлердің әрі-бері жүруінің керегі жоқ. Бір жерде «Бір принцип – бір терезе» қағидасы бойынша үкімет тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрін бір жерде ала алады, — дейді өз сөзінде.

Қазір елімізде кәсіпкерлерге толық форматта қызмет көрсететін осындай 11 орталық бар екен. Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, бұл бәсекеге қабілетті кәсіпкерлерді қалыптастыруға жасалған нық қадамдардың бірі.