Өңірімізде «77 TV» коммерциялық телеарнасы 2018 жылы екі жасқа толады. Енді ғана қаз-қаз тұрып, тәй-тәй басып жатса да телеарнаның толайым  табыстары жетерлік. Алдағы жылы қызу жұмыстың қарқынын бәсеңдетпейміз, — дейді «77 TV» ұжымы.

«77 ТV» коммерциялық телеарнасы аймақтағы инвестициялық жобалардың жүзеге асуы, Жамбыл облысының халықаралық байланысы мен ішкі туризмнің дамуын ақпараттандырумен, заманауи бастамаларымен өз орнын қалыптастырып келеді.

Жыл басындағы Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласына да үн қосып «Киелі мекен» бағдарламасында «Қазақстанның киелі географиясына» Жамбыл облысынан енген 8 нысан туралы фильм дайындаса, «Туған жер» телехабарында Қазақстанның, Жамбыл облысының сан-саласының өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген Мырзатай Жолдасбеков, Асанəлі Əшімов, Өмірбек Байгелді, Бақтияр Артаев сияқты тұлғалары жайында арнайы хабарлар шығарды. Телеарна ұжымы тынбай жұмыс істеп, жемісті еңбектің жетістіктерін  көрді.

Телеарна «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жайлы Тараз жұртышылығына үздіксіз хабар таратып, ақпаратпен қамтамасыз еткені үшін аталмыш көрменің төрағасы Ахметжан Есімовтың алғыс хатына ие болды. Бұл марапат Жамбыл облысындағы БАҚ өкілдер арасында тек «77TV» телеарнасына ғана бұйырды. Және Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама,  еңбек инспекциясы, дене шынықтыру және спорт басқармасының  алғыс хаттарымен марапатталды

Облыстық сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті ұйымдастырған байқаудан «Үздік сюжет» номинациясы бойынша әріптесіміз Рахат Күзберген жүлделі 2 орынға ие болды.  Бұдан бөлек, ІІД-мен тығыз байланыс орнатып, түрлі шаралардың куәгері болып, ақпаратты дер кезінде халыққа жеткізе білгені және БАҚ өкілдері арасында ұйымдастырылған байқауда оқ бойы  оза шапқаны үшін ІІД басшысы  Тілеген Маткеновтың алғыс хатымен марапатталды.

Жыл басындағы Елбасының халыққа жолдауында ұсынған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасын жұртышылыққа насихаттау шарасында аянбай еңбек етіп, үн қосқан Нұрлан Асқар Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқарамасынан арнайы мадақтама алды. Сонымен қатар, Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев БАҚ өкілдерінің еңбегін елеп, үздіктерді марапаттаған болатын. Соның ішінде «Үздік хабар» аталымы бойынша «77 TV» телеарнасының шеф-редакторы Нұрлан Асқар үздіктер қатарынан табылды. Арнайы дипломмен марапатталып, ақшалай жүлдеге ие болды.

Арнаның биылғы жылдағы басты жаңалығы  «77news» ақпарат агенттігі дүниеге келді. Жаңа ресурс өңіріміздегі өзекті жаңалықтарды дер кезінде таратып отырады. Енді жаңа агенттік арқылы еліміздің, Жамбыл облысының тыныс-тіршілігі туралы хабардар болып қана қоймай, табысты кәсіпкерлердің, еңбегі ерек тұлғалардың сұхбаттарын оқи аласыздар. Сондай-ақ, бизнес, технология, туризм және өзге де әлеуметтік тақырыптар баса назарға алынбақ.

Сонымен «77 TV» теларнасының негізін қалаушы басшылардың бірі Зарина Пердыбекқызы жылды қорытындылап, арнаның дамуына үлес қосқандары үшін қызметкерлерді үздік жұмыс атқарғандары үшін марапаттады. Сондай-ақ, «77 TV» теларнасының директоры Зарина Қуатова өз ұжымынан келер жылы да табысты жыл күтетінін жеткізді.