2018 жылы елімізде қандай өзгеріс болады?

0
31
Тараз. 3 қаңтар. 77news — 2018 жылы еліміздің көпшілік аймағында коммуналдық қызмет тарифі жоғарылайды. Бұл туралы еліміздің ұлттық экономика министрлігінен бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінен хабарлады. 

» Келесі жылы тарифтер өзгерісінің алдағы бес жылдық жоспары бойынша еліміздің 12 аймағында нақты айтқанда Астана және Алматы қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында баға өседі», — деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, 2018 жылы Астана, Алматы қалаларында және Ақтөбе, Атырау, Қарағанды (Жезқазған қаласы), Павлодар, Шығыс Қазақстан (Өскемен және Семей), Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жылу тарифі қымбаттайды деген болжам бар.

Қазақстанның 4 облысында газ бағасы өседі 

2018 жылы Қазақстанның батысы мен оңтүстігіндегі төрт облыста газ қымбаттайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бəсекелестік пен тұтынушылар құқығын қорғау комитеті ҚазАқпарат агенттігінің сауалына жауап беру барысында хабарлады.

ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұтынушылары үшін тауарлық газ бағасын көтеру туралы хабарлама жіберді.

Бағаны қымбаттатудың негізгі себебі — Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан жəне Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы қоғамдастықтың газ тарату жүйесі бойынша тауарлық газды тасымалдау қызметіне тарифтердің ҚР табиғи монополиялар туралы заңнамасына сәйкес бекітілген шекті деңгейінің өзгеруі болып отыр. Сондай-ақ шикізат пен материал құнының, өзге ұйым қызметтерінің қымбаттауы сынды тауарлық газды бөлшектеп сату бойынша қоғамдастық шығындары көбейіп кеткен.

Жаңа жылдан бастап темір жол билеттері қымбаттайды

2018 жылдың бірінші қаңтарынан бастап теміржол билеттері қымбаттайды, деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік хабарлағандай, бұл өзгеріс тасымалдаушылардың шығындарының артуымен байланысты және бағыттарды сақтап қалу мақсатында жасалып отыр. Осылайша, 38 бағыт бойынша билет бағасы 7%-ға, 3 бағыт бойынша 3%-ға өседі. Ал 16 бағыттың билет құнында өзгеріс болмайды.

«Қала маңына жүретін пойыздардың тариф өсімі 37%-ды құрайды. Бұл қала маңындағы пойыздарда жолаушыларды тасымалдаудағы базалық ставкалардың ұлғаюына байланысты. Мысалы, қала маңындағы пойыздардың бұрынғы базалық бағасы 100 шақырымына 324 теңгені құрады. Ал автокөлік жолдарында 3-4 есе жоғары болды. Қала маңындағы тасымал шығынын қысқарту мақсатында базалық ставка 30% —ға артып, бағасы 100 шақырымға 464 теңге болады», — деп жазылған хабарламада.

Жаңа Кеден кодексi күшіне енеді

Мәжіліс депутаттары Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден Кодексін ратификациялады, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.

 Аталған құжат экономикалық одаққа мүше бестіктің транзиттік және экспорттық әлеуетін арттыруды көздейді. Одақтың алғашқы кедендік құжаты 2009 жылы қабылданды.

Жаңа кодекстің артық тұсы кедендік рәсімдердің автоматтандырылатындығында. Мұнымен қатар, электронды декларация жүйесі енгізіледі. Бұның барлығы кедендегі жемқорлықтың жолын кеседі. Аталған құжат 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Жаңа кодекске сәйкес, енді кедендік транзитке 24 сағаттың орнына төрт сағат қана жұмсалатын болады. Бұдан өзге транзиттiк жүктердi тексеру мерзiмi 10 күннен 5 күнге дейiн қысқарды.