Тараз. 3 қаңтар. 77news —  Меркі ауданы Ойтал ауылында заманауи спорт кешені ашылып, ел игілігіне берілді. Бұқаралық спорттың өрісін кеңейтуге жасалған қарышты қадам.  Барлық құрал сайманы жасақталған спорт кешенінің ашылуына ауданның зиялы қауымы, ардагер спортшылары, спорт сүйер қауым қатысты. Аудан халқы игі бастама салауатты өмір салтын ұстанушылардың қатарын көбейтуге оң серпін беретіндігіне сенім білдірді.

Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту бағытында берген тапсырмасы Меркі ауданында тиянақты қолдау тапқан. Ауданға қарасты Ойтал елдімекенінде бұрын-соңды спорт кешені тапшы еді. Енді міне, көптің тілегі қабыл болды. Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков су жаңа нысаннан спорт саңлақтары тәрбиеленіп шығуын тіледі.

Енді 1000 балғын спортшы спорттың тоғыз түрімен бос уақыттарында шұғылдана алады. Атап айтқанда құсбегілік, қазақ халқының ұлттық ойындары асық ату, тоғызқұмалақ, қол күресі, шахмат, қазақ күресі, еркін күрес, үстел теннисі. Сондай-ақ,  спорттың төресі жеңіл атлетикамен айналысуға да  мүмкіндіктері бар. Жиналған  қалың жұрт та келешекте қазақ спортын әлемге әйгілі ететін тұлғалардың дәл осы жерден түлеп ұшатынына сенімді. Бұл орайда, тұрғындар ел үшін еңбек еткен, атымтой жомарт азаматтарға алғыстарын жеткізді.