Тараз.  3 қаңтар.  77news — Заңсыз жолаушы тасымалы ауыздықталмай тұр. Осыған орай, ережені ескермегендерге қарсы күрес күшейтілді. Оған Мемлекеттік кіріс және ІІД-мен жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылған. Арнайы жұмыс тобы рейдке шығып, біраз заңсыздықтың бетін ашты.

Салық саласы мамандарының сараптамасына сәйкес, облыс орталығында такси жүргізушілерінің санынан заңсыз тасымалдайтын темір тұлпар тізгіншілері көп. Түсінікті, әрине. Мұндай заңсыздыққа жүргізушілер жағдайы жақсы болғандығынан бармайтыны айдан анық. Алайда, заң ортақ. Яғни, жолаушы тасымалымен айналысқысы келетін көлік тізгіншілері алдымен лицензия алуы тиіс. Сондай-ақ, қазынаға табысына қарай қаражат құйып отыруы керек. 

Жүргізушілер нәпақасын табамыз деп әбігерге түссе, құзырлы орган айыппұл арқалатудан әрі аса алмайды. Тексеріс барысында, шағын автобустың жүргізушісінде жолаушылар тасымалы туралы куәлігі жоқ екені де анықталды. Енді, бұл көлік шешім шығарылғанға дейін, айыптұрағына тоғытылады. Тиісінше, 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мамандардың айтуынша, бастысы бюджетке салық түсімі қамтамасыз етіледі.

Айта кетейік, заңсыз тасымалдаушылардың қызметін қолданған қауым, көлікке мінген жеріне қайта қайтарылады. Бірақ, олардың пайдаланған қызметі үшін төлеген соммасын кері алу қиынға соқпақ. Мамандар, бұл жағдайды заң бұзушылардың көлікке отырғаныңызды растайтын билет, немесе түбіртек берілмейтіндігімен түсіндіреді.