Фото: Деловой Казахстан

Тараз. 3 қаңтар. 77news — Жамбылда жаңа жыл мерекесін қарсы алам деп жарақат алғандардың саны жаға ұстатты. От шашудан опық жегендер көп. Ал кейбірі ащы судың салдарынан түскен. Үш күнде 300-ге жуық адам дәрігер көмегіне жүгініпті деп хабарлайды қала ауруханаларында болған 77 ТВ арнасының тілшілері.

 Мереке күндері жедел жәрдем өкілдері 3500-ға жуық жанға қызмет көрсеткен. Басымы 1-қаңтарға қараған түні. 902 қоңырау. Ақ халаттылардың айтуынша, пиротехникалық жарылғыш заттардан 3 азамат зардап шеккен. Сонымен қатар бұл күндер төтеншеліктер үшін де мазасыз болды. Себебі, облыста 10 өрт оқиғасы орын алды. Тілсіз жаудан 8 баспана өртке оранса, темір жолдағы жағдайдан 1 адам газға уланды. Ал біреуі қаза тапқан.

30 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында №1-қалалық ауруханаға түрлі жарақатпен 310 тұрғын келіп түскен. Отшашудан аз болғанымен, спирттік ішімдікке сылқия тойып, түрлі ауыр жарақат арқалағандар саны артып отыр.  

«31 желтоқсан күнінің өзінде, біздің бөлімшеге алкогольді ішімдіктердің салдарынан түрлі ауыр жарақат алған 100 ден аса тұрғын келді. Олардың  29-ына шұғыл ота жасалды. Ал, бір зардап шегуші отшашудан қолы күйген. Оның қолы білекке дейін зақымданып, күйік шалған», — дейді қалалық аурухананың жарақат бөлімінің меңгерушісі Олег Шаюнусов.

4 күнде 4000-ға жуық адамға көмек көрсеткен дәрігерлер шаһар тұрғындарына мұндай жағдайларда сақ болуға шақыруда. Ал жауапты мамандар жұмысты мереке демей жоспарлы түрде жүргізетіндіктерін жеткізді.