Барлық елде өзгермейтін бір нәрсе — 31-нен 1-не қараған түні болатын отшашу.  Жалтылдап келіп, жанарыңның жарығын алып, тәніңе жарақат салатыны тағы бар. Осы және өзгеде жаңа жылдың «тосын сыйлары» жайлы 77news ақпарат агентігінің тілшілері сараптап көрді.

Жаңа жыл мерекесін жақсылық әкелушіден бөлек «қалта қағушы», «ауа улаушы», «табиғат және тән жарақатшысы» деп қарастырсақ болады. Мәселен, жаңа жылдың басты нышаны шыршаны мерекенің сәні қылу үшін әлемде бірнеше күн ішінде миллиондаған жасыл желектер қырқылады. Біздің елде де осындай жағдай. Негізінде шыршалар заңмен қорғалған. Алайда, оны ескеріп жатқан жан баласы байқалмайды.  Бұл — адамзаттың табиғатқа қылған қылмысы.

Жаңа жылда орын алатын келесі «тосын сый» — тәнге түскен жаралар. Жарақаттар көбіне пиротехникалар яғни, сәнді жарылғыштар әсерінен болады. Және ішімдікке сылқия тойған «серілердің» санасыз іс-әрекетерінен де уақыт шайып кете алмастай тән жарақаттарын алып жатамыз. Айта кетсек, биыл Таразда жаңа жылды қарсы алам деп жарақат алғандардың саны жаға ұстатты. От шашудан опық жеп, дәрігердің көмегіне жүгінгендер 300-ден асқан. Бұл сандар рекордтық көрсеткіш межесіне жетіп отыр. №1 Тараз қалалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Олег Шаюнусовтың айтуынша, төрт күндік демалыста жедел жәрдем қызметіне 4 мыңға жуық шақырту түскен. Соның ішінде 31 желтоқсан күні бөлімшеге 100-ден аса тұрғын келген. Олардың 29-на шұғыл операция жасалған. Араларында білек тұсына дейін қолы күйген науқастар бар көрінеді. Мереке күндері тәртіп сақшылары да тынымсыз еңбек еткен. Себебі Тараз шаһарында екі күнде өңір бойынша 44 қылмыс дерегі тіркелген. Және төтенше жағдайлар департаменті отшашудан облыста он өрт оқиғасы тіркелгенін айтады. Статистикаға сүйенсек, жыл ауысқан түнгі өрт салдарынан Қазақстан бойынша орта есеппен 40-50 адам зардап шегеді екен. Бұл мысалдың барлығы — адамзаттың өз қолымен өміріне жасаған қастандықтары.

Ал енді керемет мерекенің қалта қағар тұсына тоқталып өтейік. Жаңа жыл күні небір тәтті тағамдар пісіріп, арақ-шараптың танымалдыларын таңдайтынымыз айдан анық. Ал оған орта есеппен әр отбасыдан 50-60 мың теңге қаржы кетеді.

Сонымен қатар, қалта қағатын дүниенің тағы бірі және бірегейі — жаңа жыл көркі, аспан әлемін ғажайыпқа бөлейтін отшашу.  Әрбір үй кемінде ең арзан 500 теңгелік пиротехниканы алуға тырысады. Статистика мамандарының есептеуінше, Қазақстан бойынша отшашуға 15 млн доллар ақша жұмсалады екен. Бұл қаражат 670 отбасыны тұрғын үймен  қамтамасыз етуге жетеді екен. Енді осы шығынға дастархан жаюға кеткен қаржыны қоссаңыз мына цифрлар екі еселеніп, үйсіздер қатары азаяр еді.

Бұдан бөлек, отшашу кезінде атмосфера он мыңдаған химиялық элементтермен ластанады. Пиротехникалар түтіні бір аптаға дейін аспанда қалықтап, ауа арқылы адамзат ағзасына түседі екен. Өз қолымызбен өмірімізге жасаған тағы бір қастандығымыз осы.

Сөз соңында айтарымыз, мереке берекені алмасын!

Гүлнар Ділдаханқызы