Жаңа жылдың алғашқы күндері. Жұлдыздар өмірінде қызу тірлік тоқтаған жоқ. Жаңа жылдан жағымды жаңалық күткен жұлдыздар 2018 жылға елден бұрын жоспар құрып, іске кірісіп кеткен көрінеді. 77news тілшілері жамбылдық танымал өнер адамдарымен төмендегі сауалдарға жауап іздеп көрді.

1. Ескі жыл несімен есіңізде қалды?

2. Жаңа жылды қалай және қайда қарсы алдыңыз?

3. 2018 жылда қандай жоспарларды іске асырмақсыз?

Досымжан ТАҢАТАРОВ, ӘНШІ

1. Ескі жыл менің еңбек демалысына уақытында шыға алмай қалғаныммен есімде қалды. Кешігуімнің басты себебі, былтырғы жылдың басты оқиғасы халықаралық көрме Экспоның Астана қаласында өтуіне орай болды. Мен Президент оркестірінде қызмет істеймін. Ол яғни, 6 шілде Астана күні меркесі біткеннен кейін ары кетсе 10 на дейін созылып толыққанды бір демалысқа кететінбіз. Оның бәрі тоқтатылды. Экспоға байланысты біз Астанада іс-шаралар көп болды. Соған байланысты Астанада болдым. Өткен жылғы оқиғалардың есте қалары сол. Көп әншілердің есінде сол Экспо көрмесі қалды деп ойлаймын. Өнер азаматы ретінде өте көп іс-шараға қатыстым.

2. Жаңа жылды жанұямда қарсы алдым. Астанада болдық. Бірақ 12-нің кезінде арнайы алаңда үлкен мерекелік 3 сағаттық концерт болды. Сол жерде өнерімді көрсеттім.

3. Келе жатқан жыл ән айтумен басталды. Енді бір жыл бойы сахнадан жүретін сияқтымын. 2018 жылы менің өнерде жүргеніме 20 жыл толады. Соған орай әрекет жасап жатырмын. Біздікі әрекет, берекет беретін Алла.

Фото: auezov-theatre.kz

Азамат САТЫБАЛДЫ, АКТЕР

1. 2017 жылға еш өкпеміз жоқ. Жоспарлаған барлық шығармышылық жобалар іске асырылды. Қызмет атқарып жүрген М.Əуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының жаңа премьераларымен қатар, Ұлыбритания астанасы Лондон жəне Жапония астанасы Токияда гастрольдік сапарлар сəтті өтті. Халықаралық EXPO көрмесі де шығармашылығымды айналып өткен жоқ. Бірнеше мемлекеттің басшыларымен өткен көрменің ашылу салтанаты мен Алматыда өткен Қысқы Универсияданың салтанаттарын жүргізу бұйырды. 31 арнада өткен «I am singer Kazakhstan» жобасымен қатар Ахан Сатаевтың жобаларында қатыстық.
Жеке шығармашылыққа келер болсақ, өзім ашқан «Cinema 28» киностудиясының алғашқы туындысы «Бір сен үшін» көркемфильміміз ел назарына ұсынылды, артынша ашылған «28 Theatre» театрымыз 2 спектакльді («Күйеуіңізді сатыңызшы», «Войцек») көрерменге ұсындық. Жəне көптеген жобалар іске асырылды. 2017 шығармашылыққа толы жыл болды.

2. Жаңа жылдық кеш дəстүр бойынша отбасымызбен шетелде қарсы аламыз. Келесі жылға күш жинап, демалып, жоспар құрамыз.

3. 2018 жылдан үмітіміз көп. Жоспар баршылық. Жеке театрымызбен шетелдік театр фестивальдеріне қатысу жəне киностудияның жаңа шығармаларын өндіріске алу жоспардың алдыңғы қатарында. Сондай-ақ басқа да шығармашылық жұмыстар күтіп тұр. Оны 2018 жыл көрсете жатар.

«ӘДЕМІ-АЙ» ДУЕТІ

1. Өткен жыл ерекше тосын сыйларымен, шығармашылық шарықтаумен, думанды күндерімен есте қалды. Атап айтар болсақ, түрлі халықаралық жəне республикалық деңгейдегі іс-шараларға шақырту алдық. Соның бірі — Астана қаласында өткен «Экспо-2017» халықаралық көрмесінде өнер көрсеттік. Ол үлкен сахнаға жол ашып берді. Рухани жəне материалдық тұрғыда жақсы нəтижелерге қол жеткіздік. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп.

2. Жаңа жыл мерекесі күні Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ өңірінде орталық алаңда арнайы шақыртумен жеке шығармашылық концерт бердік. Жыл бас гастрольдік сапармен бастау алды. Бұл жақсылықтың нышаны деп қуандық. Сағат тілі 00.00 соққанда біз жолда болатынбыз. Туған қаламызға жетіп үлгермедік. Жолда көңілді əнмен əн айтып, мерекелік көңіл күйде қарсы алдық. Сүйікті өнеріңмен халыққа ерекше көңіл-күй сыйлаудан асқан бақыт бар ма?

3. Жаңа жылдан күтеріміз көп. Яғни жұмыста көп, жоспарда көп. Сондықтан биыл біраз белестерді бағындырамыз деп белді бекем буып отырған жайымыз бар. Жаңа əндер, жаңа бейнебаяндар биыл толассыз шығады деп барша тыңдарманға уаде береміз.

Оңал АЗАМАТОВА, ӘНШІ

1. Өткен жыл мен үшін керемет жыл болды.  Себебі жыл басталғаннан тынымсыз тірлік істеп, нәтижесін көрдім. Жаңа бейнетаспа, ән жинақ және бейнебаянның тұсауын кестім. Жеке концертімді өткізіп, халық ықыласына бөлендім. Сондай-ақ, жаңа баспаналы болдым.

2. Отбасы ошақ қасында қарсы алдым. Дастархан жайып, дәмді тағамдар әзірлеп, отандық телеарналардағы жаңа жылдық мерекелік кештерді тамашалап, көңілді өткіздік.

3. Жаңа жыл жарылқа деп жаңа ойларды жүзеге асыруға кірісіп кеттім. Ақпан айында Астанада өтетін Майра Ілиясова ұйымдастырған кешке арнайы шақырту алып отырмын. соны абыроймен өткізіп келген соң, жеке әндер жазуға кірісемін.

Гүлнар Ділдаханқызы

Аят Асқарбекұлы