Ғаламат ғаламтор заманында, ақпарат ғасырында өмір сүріп жатқан адам тіршілігінде әлеуметтік желілердің алатын орны зор. Әлеуметттік желі арқылы әйгілі болған Өркен Кенжебек ғаламтордың пайдасы мен зияны туралы ой қозғап, 77news ақпарат агентігіне сұхбат берді. 

— Қазіргі дамыған қоғамда ақпарат алмасудағы жылдамдыққа көз ілеспейді. Теледидар, газет, радио арқылы көпшілікке жететін хабар, бүгінде ғаламтордағы әлеуметтік желілер арқылы жедел тарап үлгереді. Ал, біздің қоғамдағы әлеуметтік желі этикасы көңіліңізден шыға ма?

— Әлеуметтік желі этикасы деген кезде қоғамда түсініксіз түрлі пікірлер болады. Мысалы қазір дәстүрлі емес дүниенің бәрі танымал болып барады. Дін, неке, медицина, және спорт барлығы да  дәстүрлі емес болып барады. Сананы бұзатын бұл дүниелер медиа, газет, журнал телеарнадан артық болып тұр. Бұл жерде қызық тенденция бар. Мысалы, бұрын Абай  «Қартайдым қайғы ойладым» өленің жазып, танымалдылығы артқан кезде, ол небәрі 42 жаста болған. Ал, бүгінде әйгілі болғысы келген әлеуметтік желі қолданушылары 18-25  жаста. Олардың 70 пайызы әйел азаматтар қатарынан екен. Осы жастағылардың дені елге өздерін паш етіп көрсеткісі келеді, алайда айтар ойлары таяз, сапалы контенттерді дұрыс қолдануға қауқарсыз. Өкініштісі сіз оған жоғарғы талап қоя алмайсыз.  Себебі қалта телефоны бар жандардың барлығы инста сторида бір сәтті контенттерді көп пайдаланады. Осындай  бір күндік контентке жастар  үйір болып бара жатыр. Ватсапқа, фейсбук желісінде статустар шығарып, жеңіл ойлы жазбалар салып жатады. Постқа қарағанда инстаграмда сториді көп қарайтын болып жүрміз. Бұл деген не? Сен өзің жассың, өмірлік тәжірбиең жоқ. Бір реттік контенттің өндірушісісің. Ертең өшіп кететін  дүниеге жауапкершілік қайдан болсын? Әрине жауапкершілік болмайды. Қазір былай жаз, былай жаз деп айту қиын. Әлеуметтік желіде этиканы да қалыптастыру оңай емес.

Фото: Өркен Кенжебектің инста парақшасынан

— Блоггердің оқырман алдындағы мәдениеті қандай болуы керек?

— Ең бірінші  адамның көңіл күйі рацио мен эмоцияға бөлінеді. Сіздің мұның қайсына жататыныңызды бірден білуге болады. Егер әлеуметтік желіден келген видео эмоцияңызды оятып,  қатты ашуландырса, ешқандай ой сала алмаса, ол бейне сізге арналмаған болып саналады.  Өйткені, сізді ол ойландырған жоқ, ол миыңыздың рациосына емес, эмоцияңызға әсер еткені. Демек, бірден бас тартыңыз. Лүпіл де, бөлісуді де баспаңыз.  Блогердің әлеуметтік желідегі оқырман алдындағы ең бірінші міндеті — ақпаратты дұрыстап таңдап, талғап  беруі тиіс. Өзі ой елегінен өткізіп, оқырманға ұсыну қажет. Екіншіден, сұраныста жүру. Әлеуметтік желіні қарасаңыз күнде түрлі жағдай орын алып жатады.  Сондай сәттерде оқырманға керек түйіндерді  беру. Блогер көрпе секілді. Тысы да, астары да бар.

— Сайттардағы, әлеуметтік желілердегі сын пікірлерге көзқарасыңыз қалай?

— Сын айту орынды деп ойлаймын. Өзім бүгінге дейін әлеуметтік желіге жазбаларымды салып келемін. Ешқашан ешқандай сын естімедім.  Мынандай сөз бар —  ережені бұзу үшін оны білу керек. Әлеуметтік желіге ақпарат жүктер кезде әлеуметтің сенен күтетін талабына бой ұсыну керек. Ал, егер сын айтылып жатса, талапты сен орындамай жатқаның. Егер сен талапты ескермесең, онда ережені білмегенің. Меніңше, мектепте информатика пәнін оқытудың еш қажеті жоқ. Оны алып тастап, «Ақпараттық сауаттылық» деген пән енгізсе әлде қайда сауатты жастар шығар еді.

— Бүгінде әлеуметтік желі, нағыз жарнаманың ортасы десек артық айтқандық емес. Жарнама арқылы жағдайын жасап жатқандар да бар, жалпы аудитория үшін қандай мазмұнды жазбалар жазу қажет. Әлеуметтік желі де, танымал болу үшін көп жазу мақсат па? Жалпы нені білу керек, нендей кеңес берер едіңіз?

— Мен де өзім жарнама жариялап жүрмін. Ұялатын нәрсе емес. Блогерлік пен пиар мамандығы синонимдес болып кетті. Бірақ жарнаманың  міндетті түрде пайдалы тұстары  болуы тиіс. Яғни, адам жарнамалап тұрған затты алмаса да ең болмаса мәтіндік тұрғыда пайда алу керек. Әлеуметтік желіде бір адамды бақылап жүрдім. 24 сағатта 26 пост жазыпты. Бұл дұрыс емес. Көп пост жариялағанымен айтар ойы таяз болса, ол адамды тез жалықтырады. Менде кезінде, 2010 жылы алғаш блог ашқанда ойы бар болсын, болмасын посттарды көп жариялайтынмын. Кейін тәжірбие жинақтай келе аз және саз жазатын болдым. Маған адамдар қазір аз жазасың дейді. Бұрын көп жазатынсың деп ренжіп жатады.

— Сіздің жазбаларыңызды оқи отырып, кино сүйер көрермендердің бірі екеніңізді білеміз. Биыл отандық кино әлемі, біраз жағымды жаңалықтарды жұртшылыққа ұсынды. Өзіңіз де тамашалаған боларсыз. Жалпы  отандық киноиндустриядағы маркетингкке қаншалықты көңіліңіз толады? Отандық фильмдерді аудиторияға қаншалықты жарнамалай алып отырмыз.  Кемшіл тұсы бар ма? Болса қандай?

-Көңілім толады. Мен ұсынатын кино Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманаты». Мен бұл кинодан әсер алғаным соншалықты, кино картинаны көріп отырып жылағанмын. «Алмас қылыш» көркем фильмі де маған қатты әсер етті. Комедия жанрында Нұртас Адамбайдың, Марат Бейсенбиннің түсіріп жүрген туындылары ұнайды. Кез-келген киносын алып қарасаңыз да жақсы. Авторлық кино да дамып келе жатыр.

Фото: Өркен Кенжебектің инста парақшасынан

— Армансыз адам қанатсыз құспен тең, аға арманыңыз қандай?

— Бұл дүниеде менің арманым — саяхатшылық жасау. Әзірге әлемнің 30 елінде болдым.  Әлі мен бармаған 185 мемлекет бар екен. Жасаған саяхаттарымның ішінде әсіресе, Ауғанстанға барған сапарым ерекше, сол күндерді сағынамын. Ауғандықтар өте қонақжай мемлекет екен. Сондай-ақ, Алла қаласа келесі айда Ватикан, Рим, Египет елдеріне барып қайтуды жоспарлап отырмын.

— Теллеграм әлеуметтік желісінде орыс тілінде канал аштыңыз. Неге орыс тілінде?

— Мен өзімді қатты ұлтшылмын деп есептемеймін. Тіл — мен үшін ойымды жеткізуші құрал. Телеграмда мен орысша жазамын. Өйкені менің бұған дейінгі оқырмандарым тек қазақ тілділер болған. Енді жаңа аудиториямен танысып, қазақ ділін, дінін, мәдениетін орысша жеткізуге тырысамын.

— Бізде кенже қалған сала бойынша сұхбат бергеніңізге рахмет. Сауатты оқырмандарыңыз көбейсін!

77news ақпарат агентігі