Фото:inform.kz

Тараз. 6 қаңтар. 77news — Өтіп бара жатқан апта ішінде орталық та, жергілікті де атқарушы органдарда айта қоярлықтай ірі кадрлық ауыс-түйіс орын алған жоқ. Дегемен, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары және тағы да бірен-саран өзгерістер болды.

Сонымен осы аптада Асқар Әбдрахмановты  ҚР Сыртқы істер министрі Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілінің орынбасары қызметіне тағайындады. Бұған дейін Асқар Әбдрахманов ҚР СІМ халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Ал ҚР  Дін істері азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры болып Асхат Оралов тағайындалды. Ол жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Астана қалалық жастар саясаты мәслелері басқармасының жетекшісі болған еді.

Сонымен қатар Атырау облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы қызметіне Ерлан Жанбаев келді. 42 жастағы Ерлан Жанбаев Торғай мен Қостанай облыстарында салық инспекторы болып жұмыс істеген. Қаржы министрлігінің жетекші маманы, ҚР Премьер-Министрі кеңсесі экономика бөлімінің консультанты болған. Жамбыл облыстық салық комитеті төрағасының орынбасары, ҚР Қаржы министрлігі Павлодар облыстық салық департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2015 жылдан қазіргі тағайындауға дейін еліміздің Қаржы министріне кеңесшілік еткен. «Салық қызметінің үздігі», «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгілерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Ақтөбе облысы филиалының бастығы болып Жаңабай Қобыландин тағайындалды. Оның автожол саласында үлкен тәжіриебесі бар. ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті Ақтөбе департаментінің директоры қызметін атқарған. 2013 жылдан бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін бизнес құрылымдарда жұмыс істеген.

«Ақтөбе» ФК бас директоры қызметіне  Самат Смақов келді. Оны бұл қызметке тағайындау кезінде жергілікті тұрғындардың ой-пікірі ескерілген. Жаңа қызметке тағайындалған Самат Смақов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа өз жоспарын көрсеткен. Негізгі міндет — «Ақтөбе» ФК көшбасшылыққа қайта әкелу.

Самат Смақовпен бірге командаға Ұлықбек Асанбаев спорт директоры болып тағайындалды.  Асанбаев спорттық мансап жолын осыдан 5 жыл бұрын аяқтаған. Содан бері «Шахтердің» спорт директоры болып, «Ордабасы» командасының жаттықтырушылар штабында қызмет еткен. «Ақжайық» командасына кеңесші болған.