Тараз. 8 қаңтар. 77news — Ескіні жаңа көлікке айырбастау былтырдан бері жүзеге асырылып келеді. Жамбыл облысында бүгінге дейін 2141 жарамсыз темір тұлпар тапсырылған. Жаңа көлікке қол жеткізу қаншалықты оңай? Өңірде орындалу барысы ше? Жарамсыз көлікке қарастырылған қаражатты қалай алуға болады?  77news тілшілері осы сұрақтың жауабын іздеп көрді.

Ескі көлікті қабылдауға арналған бұл орын, былтырғы жылы аталған жоба аясында іске қосылған болатын. Бүгінгі күнге дейін мұнда бас аяғы 2141 жарамсыз темір тұлпар қабылданған. Техниканы екі санат бойынша сараптайтын пункт, жүріп тұрған ескі көлік иесіне 150 мың теңге табыстайды. Ал, қажетке жарамайтын жүргізу құралына 48 мың теңге ұсынады. Сонымен қатар, қазақстанда жинақталған жаңа көлікке қол жеткізу үшін, 315 мың теңгенің куәлігін иелене аласыз. Өзінің көлігін тапсырғалы келген жүргізушінің бірі Аманжол Дәрібайдың айтуынша, көлік базарынан гөрі осында өткізу оңайырақ, әрі тиімді екен.

Жобаның тиімділігі айтпаса да белгілі. Деседе өңірде жарамсыз көліктерді жинаудың ақсап тұрғаны көрсеткіштерден көрініп тұр. Жобаны жүзеге асыру мақсатында Жамбыл облысы 9 орында екен. Тізбекті Оңтүстік Қазақстан облысы бастаса, онан соң Қостанай қаласы қостайды. Ал, жиі өткізілетін тұлпарлар «Ваз» және «Москвич» маркалары тізім басында. Ал, жиылған барлық техникалар Қарағанды облысындағы зауытқа аттанады. Әрине  қайта өңдеу үшін.

Тараз қаласы жылына 4 рет қабылданған көліктерді Қарағанды қаласына аттандырып отырады. Ондағы утилизация зауыты келген көліктерді тығыздап жинақтайды. Одан соң доңғалақтарды рәзіңке зауытына, темір қалдықтарын темір зауыттарына жіберіп отырады, — дейді «Оператор РОП» ЖШС-нің бөлім басшысы Рыскүл ЕСДӘУЛЕТОВА.

Өткен жылдың қортындысы бойынша елімізде утилизацияға 47 мыңнан аса жүргізу құралы қабылданған. Оларға төленген төлемнің жалпы сомасы 5,98 млрд тенгені құрап отыр. Ал, 11 айдың санағы бойынша, қазір ел аумағында 4 млн жеңіл көлік тіркеуде тұрған көрінеді. Олардың 36 пайызы 20 жыл бұрын зауыттан шыққан. Жоба жетекшілерінің айтуынша бұл бұғаттағы жұмыстар аталған көрсеткішті азайтуға өз ықпалын тигізеді.