Фото:Medicus.ru

Тараз. 9 қаңтар. 77news — Қазақстанда коронавирус жұқтырған адамдар тіркеліп отыр. Аталған вирусты адамдар шетелге барған кезде жұқтырып алған. Бұл туралы Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, бас санитарлық дәрігер Жандарбек Бекшин мәлім етті.

«Қазіргі таңда біздің елімізде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда, жалпы сырқаттанушылық 14 пайызға төмен. Әр жылда өздеріңіз білетіндей, жедел респираторлы инфекция және тұмау аурулары желтоқсан айының ортасында басталады. Қаңтар айының екінші жартысынан бастап, ол ауру көтерілуі мүмкін. Биыл да болжам бойынша осындай жағдай күтіліп отыр», — дейді Жандарбек Бекшин. Оның айтуынша, қазіргі таңда зертханаларда тұмаудың 30 жағдайы тіркелген. «2009 жылы бүкіл елді, әлемді шулатқан H1N1 тұмауының штамы биыл тіркелген жоқ.

Тұмауға ұқсас вирустар тобының құрамында коронавирус Сауд Арабиясын, Оңтүстік Кореяны шулатып, қаншама жағдай өлім-жітіммен аяқталған болатын. Ол вирус бізде де тіркеліп отыр. Бірақ, олардың саны өте аз. Осы жағдайды бақылаудың арқасында алдын алу шараларын қолға алып жатырмыз», — дейді ол. Жандарбек Бекшиннің айтуына қарағанда, Оңтүстік Корея және Сауд Арабиясына тараған коронавирусты сол елдерде 1 мыңнан астам адам жұқтырған.

«Аталған елдерде 200 жағдай өліммен аяқталды. Оңтүстік Кореяда 50 жағдайдың соңы өлімге алып келді. Денсаулық сақтау саласына 7,5 млрд АҚШ доллары көлемінде зиян келді. Бұл тұмауға ұқсас вирус. Қазіргі таңда жалпы вирус жұқтыру бойынша 203 мың жағдай тіркелсе, елімізде коронавирусты жұқтырған 3-4 адам тіркелді. Бірақ, өлім-жітім жоқ. Олар вирусты шетелден жұқтырып, ауырып келген», — дейді Жандарбек Бекшин. Айта кетсек, коронавирустың құрамында вирустардың 37 түрі бар. Адамға, мысыққа, құсқа, итке, ірі қара мал мен шошқаға жұғуы мүмкін. Ең бірінше рет, коронавирусты жұқтыру жағдайы 1965 жылы тіркелген.