«Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жыры — қазақ эпосының шоқтығы. Оның сюжеті халықаралық, бірақ бірде-бір халық оны дəл қазақтардай ғажайып жырға айналдыра алған жоқ. …Бұл жыр — дүниежүзіндегі ең қымбат əдебиет мұраларына жататын шығарма», — Григорий Потанин айтып кеткендей, қазақ халқының сан ғасырлық туындысы бүгінгі күнге дейін еш даусыз қымбат дүние болып келген еді. Баян ханымның әлеуметті шулатқан шығармасы шыққанға дейін.

Артық қыламын деп тыртық қылып, Алагөзова ханым алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысып халықтың пікірін екіге жарды. Зиялылар заман ағымы талап еткен кинодағы көркемдіктің жеңілдегенін қабылдай алмаса, Баян әлеумет сын- пікірін сіңіре алмауда.

«Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанын айналасы жұп-жұмыр дүние етіп шығарады деген оймен Баян Мақсатқызына табыстап, 54 млн қомақты қаржыны қолына ұстата салды. Алайда, сенім ақталмады. Айтылған сынды тиісті тұлға қабылдай алмады. Көркем фильм ескі нұсқаға жасалған мазақ немесе пародия болып қалды. Бұл кинода қазақы салт-сана, кішінің үлкенге құрметі, ағаның ініге ізеті қалмаған. Ерін сыйламаған ел, қызына теріс тәрбие берген ессіз ана бейнеленген. Қодардың қодыраңы да өткен ғасырда түсірілген нұсқада «сүйкімдірек» еді.

«Қазақ халқы бағзыдан бері өзінің салт-санасын, әдет-ғұрпын сақтап келу арқылы қазақ болып келе жатқан жоқ па? Сериалды түсірушілер әдебиетіміздің алтын қорына айналған ұлы дастанымызды алып шыға алмаған. Жібектей дүниемізді жұлмалап, жүн-жырғасын шығарған. Әрқайсысының рөліне жеке-жеке тоқталуға болар еді, оны артық санап отырмын. Себебі, жалпы алғанда сериал жасанды, сенімсіз, халыққа көрсететіндей деңгейде емес», — дейді сатира саңлағы Көпен Әмірбек.

Ал,  Өмірзақ Ақжігіт ағамыз, «Игі жақсылар! Қазақтың салт-дәстүрін бұзып, ертегі-аңыз бен эпос-жырлардың желісін өзгертіп көрсетуге ешкімнің хақысы жоқ! Өйткені, оның бәрі – ой, білім! Сұрыпталған саф алтын! Біз ең болмаса орыстар секілді дайын желімен түсіре алмайды екенбіз, онда өзімізше өзгеріс енгізіп, өткендерден дана болуға тырыспайық, одан-дағы өз қолымыздан келетін бүгінгі күн жайын қаузай берейік. (Баян әнші қыздар тобын қалай құрғаны жайлы бір емес он серия түсірсін…).

Бұл — Баяннан алты аласы, бес бересі жоқ зиялылардың келелі, мағналы айтылған сындары мен пікірлері. Қазақтың өткеніне, құндылығына жаны ашитын азаматтардың жан айқайы.

Алайда, «бардак» жасаушы ханым өзінің инстаграм парақшасында, сериал түсіруге деп бөлінген 54 миллион теңгені жіліктеп тұрып есебін берді. Ол әр серияға тоғыз миллионнан жұмсалғанын айтты. Ал 22 пайызы салыққа төленіпті. Өндіріске жеті миллион (21 000 АҚШ Доллары) қалған. Баян Мақсатқызы бөлінген қаржы жетпегендіктен тіпті өз қалтасынан 13 миллион теңге шығарғанын да жеткізді. Ол «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» сериалы өте жоғары дәрежеде түсіріліп, халық көңілінен шықты деп санайды. Ал киноны сынап, қарсы қол жинап жатқандар продюсерге тікелей өкпесі бар немесе қызғаныш оты лаулаған жандар болуы мүмкін, деп ойлайды екен.

Баян бұған дейін біздің қоғамды көрсететін көптеген кинолардың тұсауын кесті. Тілі шұбар болса да, мұндай ауыр сөздермен сыналмаған болатын. Себебі қоғамның шындығы сол болғандықтан зиялылар тілін тістеп отырған еді. Продюссер ханым, киноны қалай түсірсем де соны қабылдай береді екен деген ойды санаға сіңіріп алған болар. Сондықтан сан ғасырлық тарихы бар шығарманы қалай болса солай шығара салған шығар.

Таудай тарихи туындыны табанға салып таптау таршылық заманда да болмаған іс.

Гүлнар Ділдаханқызы