Фото:Устинка Live

Тараз. 9 қаңтар. 77news — Өңірімізде 2017 жылы қысқы мезгілге республикалық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау үшін 378 млн теңге бөлінген. Бүгінде атқарылған жұмыстар да аз емес. 

Облыстағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1237 шақырымды құрайды. Қазір Жуалы, Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм аудандары мен Тараздағы тас жолдар бойына барлығы 10 жылыту пункті мен 5 өндірістік база қыс мезгіліне дайын тұр. Дәл осы  өндірістік базаларда 11651 текше метр құм, 1 824 тонна техникалық тұз және 69 тонна қара отын дайындалған. Алдын ала жанар – жағар майдың екі апталық қоры да дайындалып отырады екен. Былтыр «Қазавтожолдың» өңірлік филиалының өндірістік базасындағы 55 техникамен қалың қар  тазаланған. Ал, биыл тағы да 11 жаңа техникаға қол жекізіпті.

«Биылғы жылы қыс Шақпақ, Күйік, Қордай асуларындағы қыс қатты. Жел тұрады, боран болады. Қар мөлшерден көп жауады. Дәл сондай кездерде барлық қызметкерлеріміз тәулік бойы жұмыс атқарады. Кезекшілікте тұрады», — дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» АҚ облыстық филиалы басшысының орынбасары Дәурен Төлтаев. 

Қыс мезгілінде облыстық автожолдардың ең күрделісы 10 шақырымды құрайтын «Б.Момышұлы-Қызтоған» бөлігі. Сондықтан мамандар 183 миллион теңгеге қардан қорғау қалқандарын орнату жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар тас жолдар бойына жалпы саны 816 бірлік уақытша жол белгілері орнатқан.

Белгіленген қар борау участкелері үнемі тайғақ болатын жерлерде инекті материалдар пайдалану арқылы жол жағдайын жақсарту жұмыстары жүргізілуде. Қазір жолдағы жағдай бақылауда», — деді облыстық ТЖД бөлімінің бас маманы Хасен Қосыбаев. 

Айта кету керек, «Күйік», «Шақпақ» асуларында көлік құралдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Алматы-Ташкент-Термез» автожолының бойына уақытша жылжымалы жол полициясы посттарын ашу туралы ұсыныстар қарастырылып жатыр екен. Сондай-ақ, биылғы жылы «Қордай асуын айналып өту» автожолына боранды күндері қар ұстайтын 3170 пагондық метр темірбетонды қоршаулар орнатылған. Осы секілді қар ұстайтын ағаш қоршаулар артығымен сатып алыныпты. Енді өңірімізде қатты боран соғатын аймақтардағы жол жиектеріне орнатылатын болады дейді мамандар.