«Қоңыр» тобының экс-әншісі Жазира Қошанова елге оралды. Шетелдік жігітке ғашық болып, ол азаматпен жақын араласу үшін өнерін тастап, Малайзияға қоныс аударған әнші «Қалаулым» бағдарламасында ағынан жарылып, сырын ашты. Сәтсіз махаббаттан соң елге оралған әншімен шындықты білмекке шағын сұхбат ұйымдастырдық.

— Қырғыз азаматына тұрмысқа шықты деген рас па? Әлде өсек сөз бе?

— Алдын ала кешірім сұраймын.  Бірақ менің жеке өмірім жеке болып қалса деймін. Халықты менің тек өнерім жайлы сұрақтар мазаласа екен. Сол тұрғыда қандай қиын сұрақ болса да жауап беруге әзірмін. Ал, менің өмірім тек  менікі ғана болса. Мені дұрыс түсінесіздер деген ойдамын.

— Ендеше, сіздің шығармашылығыңызға  ойыссақ. «Қоңыр» тобынан кетуге не себеп болды?  Бұған дейін шетелде болған көрінесіз. Елге келуге  не себеп?

— Топтан мен жеке отбасы мәселесіне байланысты кеттім. Шетелге қоныс аудардым,  жаңа өмір бастағым келді. «Қоңыр» тобында 10 жылға жуық өнер көрсеттім. Сол жылдар ішінде бірнеше шет мемлекеттерде болдым. Айтар болсам, Түркия, Дания, Германия, Қытай елдерін гастрольдік сапарлармен аралаған болатынбыз. 

Топтан кетіп жеке шығармашылыққа ден қойып, шетелге барып өмір көріп, тәжірбие  жинасам деген алдыма мақсат қойдым. Сол себепті, 1 жылға жуық шет мемлекетте болып қайттым. Ондағы азаматтардың өнерге деген көзқарастары ерекше. Адамдарды құрметтейді, сыйлайды. 

Аллаға шүкір, Қазақстанға оралдым.  Енді шетелден жинаған тәжірбиемді жеке өзімнің өнерімді дамытуға бағыттасам деймін.  Алдағы уақытта Қазақстандық тындармандарымды  жаңа ән,  бейнебаяндармен қуантатын боламын.

-«Қоңыр» тобына қайта келу жоспарыңызда бар ма? Ендігі шығармашылық жолыңыз қалай болмақ?

-«Қоңыр» тобына қайта оралу ойда жоқ. Шетелге кетпес  бұрын  кастинг ұйымдастырып, 100 шақты қыздың ішінен Гүлзат  есімді аруды таңдап алған болатынбыз. Қазір сол қыз өнер көрсетіп жүр…

-Бұдан кейін өміріңізде жақсы ұсыныс түсіп жатса, Қазақстанды шетелмен алмастырар ма едіңіз? Әлде «туған жерге туыңды тік» деп өз еліміздің өнерінің өрістеуіне үлес қосасыз ба?

-Шетелге барып келдім. Алда не күтіп тұрғанын ешкімнің білмесі хақ.  Бірақ, өзімнің жоспарымда бар. Қанша уақыт, ай екенін мен сізге айта алмаймын. Қаншалықты Қазақстанда қаламын, соншалықты мен тындармандарымды қуантсам деген жоспарым бар. Алдағы уақытта шетелге кетуімде мүмкін. Әлбетте алмастырамын деп айта алмаймын. Өйткені, менің кіндік қаным тамған жер.  Туған жерім, ата-анам, бауырларым барлығы Қазақстанда. Қазақстаннан түбегейлі қол үзу ойымда жоқ.

— Шығармашылық жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

— Алда жоспар өте көп. Әншіден қарапайым халық ән күтетіні анық. Сиясы кеппеген екі әнімнің тұсауын кестім. Алдағы уақытта жаңа әндер жазып, халыққа паш ететін боламын.  Дуэт айтуға да ұсыныстар түсіп жатыр. Әзірге құпия бола тұрсын. 

-Тек шығармашылық табыстар тілейміз, еңбегіңіз еселене берсін!

Аят АСҚАРБЕКҰЛЫ