Тараз. 15 қаңтар. 77news — Елбасының биылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы міндеттердің бірі -адами капитал-жаңғырудың негізі делінген.Онда жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңыздылығы көрсетілген. Осыған орай М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінде қызметкерлер мен студенттерге арналған 4 қызмет көрсету орталықтары ашылды.

Университетте ашылған алғашқы орталық «QYZMET TARSU» деп аталады. Көрсетілетін қызметтердің барлығы «Бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс істейді. Яғни, студенттер өзіне керек анықтама мен құжаттарын бұрынғыша уақыт жоғалтып сандалмай, осы жерден керегінше қағаз немесе  электронды түрде лезде ала алады. Мұндағы мамандардың көрсеткен қызметтерін білімгерлер арнайы дисплей арқылы бағалайды. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбековтың айтуынша, бұл орталықта 15 мемлекеттік қызметтің түрі бойынша білімгерлер мен қызметкерлер өтініштері қанағаттандырылады.

Елбасының «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты мақаласында латын графикасына көшіру міндеті жүктелген. Осыған орай, «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік» кабинеті де ашылды. Мұнда қонақтарға жаңа әліпбиді үйретудің бағдарламасы таныстырылып, алға қойған жоспарлар айтылды.  М.Х.Дулати атындағы ТАРМУ «Латын графикасын үйретудің оқу-әдістемелік» кабинетінің жетекшісі Балмира Мырзабаева: — Бұл кабинеттің негізгі мақсаты- университеттегі профессор оқытушылармен жаңа әліпбиге психологиялық тұрғыдан дайындау,- дейді.

Сонымен қатар, «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жұмыс бөлмесі де таныстырылды.  Ал, университетте ашылған төртінші орталық «Инклюзивті білім берудегі  психологиялық бейімделу» деп аталады. Мұнда мүмкіндіктері шектеулі  студенттерге жоғары білім беру бағдарламалары бойынша  арнайы сабақтар өткізіледі.