Фото: Казинформ

Тараз. 17қаңтар. 77news — Ақ үйде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа ресми сапары аясында Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесіп, екіжақты стратегиялық әріптестікті тереңдету және күшейту, өңірлік және экономикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшыларының қол алысу рәсімінен кейін Қазақстан Президенті АҚШ Президенті Д.Трампқа арнайы шақырғаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар Қазақстан АҚШ-ты сенімді серіктес, әлеуетті әріптес санайтынын, алдағы уақытта да екіжақты қарым-қатынасты нығайту қажеттігін атап өтті.

«Арнайы шақырғаныңыз үшін алғыс білдіремін. Сізді АҚШ Президенті қызметіне кіріскеніңізге бір жыл толуымен құттықтаймын. Осы уақыт аралығында экономикалық тұрғыда табысты жұмыс атқардыңыз. Орталық Азиядан Ақ үйге арнайы шақырылған тұңғыш Президент атануым екі ел арасындағы байланысты нығайта түсетіндігіне кәміл сенемін. Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнаған. АҚШ тарапы алғашқылардың бірі болып Қазақстанның тәуелсіздігін мойындады. Содан бергі 26 жыл ішінде екі ел арасындағы байланыс берік орнады. Менің бүгінгі сапарым — соның айғағы. Алдағы әңгіме барысында екі елге де тиімді мәселелерді талқылаймыз деп сенемін», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Дональд Трамп АҚШ тарапы Қазақстанды Орталық Азия өңіріндегі болашағы зор, стратегиялық әріптес деп санайтындығын баса айтты. Сонымен қатар Қазақстанды өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздіктің шешуші факторы ретінде бағалайтынын жеткізді.

«Менің шақыртуымды қабыл алғаныңыз үшін ризашылығымды білдіремін. Ақ үйде Сізді қабылдау мен үшін үлкен абырой. Бұған дейін де Сауд Арабиясында бірқатар мәселелерді талқыладық. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Қазіргі таңда АҚШ экономикасы үлкен бір белесті бағындырды», — деді Д.Трамп.