Фото:ironbook.su

Қазір көпшілік смартфондар ылғалға тұрақты, бірақ ноутбуктер үшін кез келген сұйықтық әлі де зиянды. Егер қымбат құрылғыңызға абайсызда шәй немесе кофе төгіп алсаңыз не істеу керек? 77news толығырақ түсіндіреді.

Бірінші кезекте не істеу керек?

Сонымен, сіздің кесеңіздегі сусынның жартысы ноутбукке төгілді. Ең бірінші, қуаттағыштан өшіріп, аккумуляторын алу қажет. Неғұрлым тезірек алсаңыз, аман сақтап қалуға мүмкіндігіңіз көбейеді. Су төгілгенде ноутбук өшірілулі болса да, қоректендіру сұлбасы әлі де жұмыс істеп тұрады. Аяқ астынан қысқа тұйықталу болып, ноутбук мүлде істен шығуы мүмкін.

Ал қолыңызда макбук болса, батареяны тез арада шығарып алу қиындау болады. Сондықтан құрылғыны толығымен өшіріп тастаңыз.

Аккумулятормен қоса барлық шеткері қондырғыларды өшіріп тастаңыз, олар да судың құрбаны болуы мүмкін. Осыдан кейін ноутбукті тез арада төмен қаратыңыз. Сұйықтық ақырындап пернетақта арасындағы тесіктер арқылы шыға бастайды. Ал қалғанын  қағаз сүлгімен сүртіп тастауға болады.

Ең бастысы — ұқыптылық. Бірден батырмаларды басудың қажеті жоқ, суды пернетақта түбіне ығыстырып жібересіз. Кем дегенде екі сағат ноутбукті төмен қарата тұрыңыз.

Ары қарай не істеу керек? Қайта қосуға бола ма?

Ноутбук толығымен құрғаса да, қайта қосуға асықпаңыз. Сұйықтық әлі де чиптің астында қалуы мүмкін. Девайс жақсы жұмыс істеп тұрған секілді көрінеді, бірақ біраз уақыттан соң су мен коррозия жеңіп шығады. Сол кезде жөндеу жұмыстарына қомақты қаржы шашуға тура келеді.

Ең оңтайлы шешім — тәуекелге бел бумай, су төгілген қондырғыны бірден кәсіби мамандарға көрсету. Олар не істеу керектігін жақсы біледі.

Жай ғана фенмен кептіріп, ноутбукті қайта жинауға бола ма?

Фенмен кептіруге кеңес берілмейді. Ол ыстық шаңды көтеріп, тіпті қандай да бір элементтерді ерітіп жіберуі мүмкін. Дәл осы себептерге байланысты қосымша қондырғыларды жылытқыш батареяларға қоюға тіпті болмайды.

Ең дұрысы — ноутбук элементтерін құрғақ және жылы жерге кем дегенде бір тәулікке қалдыру керек. Оған дейін ноутбукті жинауға, тіпті қосуға да тырыспаңыз.

Сондай-ақ элементтерді күріш салынған ыдысқа қоюға да болады. Күріш — тамаша абсорбент, ол артық ылғалды толық жұтып алады.

Ал егер газдалған сусын төгілсе?

Бұл жағдай қиындау. Газдалған және тәтті сусындар сіздің ноутбугыңызды қара суға қарағанда тезірек «өлтіреді», себебі оның құрамында қышқыл көбірек. Олар ішкі элементтердің коррозиясын жылдамдатып қана қоймай, пернетақтаны да бүлдіруі мүмкін. Сондықтан ноутбуктің өздігінен құрғағанын күтпей, бірден сервис орталыққа апарған жөн.

Қатқыл диск пен желіні де зер салып қарап шығыңыз. Оларға да су тиген болса, жақсылап сүртіп, құрғатып шыққан жөн.

Қай уақытта ноутбукті іске қосуға болады?

Барлық процедуралар жасалған соң, кем дегенде бір тәулік өткен соң ғана ноутбукті жинап, қосып, тексеріп көруге болады.

Егер жұмыс істемесе, өкінішке орай, барлығы бекер болды деген сөз. Сөмкесіне салып, ноутбугіңізді сервис орталыққа апарыңыз. Кей жағдайда ескі девайсыңызды қоқысқа тастауға тура келеді.

Ал ноутбук қосылса, қуануға асықпаңыз. Алдымен оның қаншалықты жұмыс істеп тұрғандығын тексерген жөн. Мысалы, мәтіндік редакторды ашып, пернетақтадағы барлық символдарды басып көріңіз. Барлығы жұмыс істей ме? Ендеше, құттықтаймыз! Ноутбугіңіз сізге тағы да қызмет етуге дайын.