Фото:Ақорда

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Төрағалығымен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы басталды. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәжілісі «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» деген тақырыппен өтіп жатқан дебатта қырып-жою қаруын таратпаудың маңызды мәселелері қозғалуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қаруды таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін бірқатар жүйелі шараларды атқаруды ұсынды.

«Жаппай қырып-жою қарулары бар елдердің көбеюі, ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудырады. Ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі бүгінгі құқықтық баса XX ғасыр соңында «ядролық державалар клубының» кеңеюіне тосқауыл бола алмады. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа негізделген баршамызға қажет таратпау режімін нығайту терең менталды өзгерістер мен көпжақты жаңа саяси шешімдерді талап етеді деп ойлаймын. Таратпау саласындағы сенімді нығайта түсу үшін мынандай шаралар атқаруды ұсынамын», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Президент мемлекеттер арасындағы сенім қажеттігі туралы айта келіп, ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысында мынадай шараларды атқару қажеттігіне баса назар аударды.

«Бірінші. Ядролық қаруды таратпау туралы шарттан шығу процесін қиындату қажет деп санаймын. ҚХДР-дың әрекеті ядролық қаруды иеленсем деген амбициясы бар басқа елдерді осындай қадамға итермелеуі мүмкін. Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа күмән келтірмей, бұл Шартты бұзатын елдер үшін осының нақты салдарын (санкция шараларын қоса алғанда) айқындайтын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарарын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамын.

Екінші. Жаппай қырып-жою қаруларын иемденуге және таратуға қатысты қатаң шара қолданудың нақты жұмыс істейтін механизмін әзірлеу керек. Мұндай көпжақты келісімдерді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген қарарларында бекіту қажет. Жаппай қырып-жою қарулдарын иемдену ниетіне жол бермеудің басты шарасы ретінде атом қаруын иеленуден ерікті түрде бас тартқан және ядролық қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық державалардың беретін кепілдігін заң жүзінде міндеттейтін жүйені дамыту қажет.

Үшінші, Жаһандық қауіпсіздік жүйесін жаңарту процесінің сәтті немесе сәтсіз болуы әлемдік қоғамдастықтың милитаристік анахронизмді еңсеру қабілетіне тікелей байланысты. Еш мағынасы жоқ әрі арандатушылық туғызатын әскери блоктарға бөлінуді өткеннің үлесіне қалдыру керек. Дәл осы тұста мемлекеттер арасындағы сенім аса қажет. Мен соғысқа қарсы жалпыәлемдік шаралар туралы көзқарасымды «Әлем, XXI ғасыр» атты манифесімде білдірдім.

Төртінші. Халықаралық қарым-қатынасқа саяси сенім мен жүйелі диалогты міндетті түрде қайтару керек. Іс-қимылды толықтай қамтитын бірлескен жоспар соның жарқын мысалы болмақ. Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәміле қаруды таратпау саласындағы көп жақты дипломатияның табысты болатынын көрсетті.

Бесінші. Жаппай қырып-жоб қаруларының таралуымен күрес жүргізудегі тиімді құралдың бірі ‒ ядролық қарудан азат аймақтар құру. Сондай-ақ, бұл ұжымдық сенім білдірудің үлгісі болып табылады. Таяу Шығыста ядролық қарудан азат аймақ құру күш-жігер жұмсауды жалғастыруды маңызды деп санаймын. Мүдделі тараптарды жұмысты жаңғыртуға шақырамын және кейбір елдер арасындағы түсініспеушіліктер жақын арада шешімін табады деп үміттенемін.

Алтыншы. Бүгінде ғылыми жетістіктерді пайдаланып, жанталаса қаруланудың жаңа толқынының туындау қаупі бар. Осыған орай, халықаралық қоғамдастық жаңа әскери және ақпараттық технологиялардың жасалуы мен таралуына бақылауды күшейтуге тиіс. Сенім шаралары ғарыш кеңістігін милитаризациялаудың алдын алуға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру барысында да керек болады. Әлемдік ядролық державал арасындағы өзара түсіністік пен өзара сенім жағдайында ғана көптеген қақтығыстың алдын алып, тиімді реттеуге болатыны бүгінгі күннің шындығына айналды. Ядролық апатты болдырмау үшін оларға адамзат алдындағы зор жауапкершілік жүктелген. Әсіресе, ірі ядролық державалар ядросыз әлем құру үшін күрестің алдыңғы шебінде болып, жаппай қырыпқырып-жою ққаруларын қысқартудың үлгісін көрсетуі қажет. Бірақ бұл басқа елдер сырт қалуға тиіс. Олар ештеңеге ықпал ете алмайды дегенді білдірмейді», деді Нұрсұлтан Назарбаев.