Фото: Ағаділ Рысмахан қоржынынан

Тараз. 19 қаңтар. 77news — Жамбылдықтар ұлттық өнерді ұлықтаудың жаңаша жолын тапты. Енді суырып салма ақындар, сахнада  жүздеспей- ақ газет арқылы айтыса алады. Облыстық «Ақжол» газеті мен мәдениет басқармасының бұл бастамасы төл өнерді насихаттау мақсатында жүзеге аспақ, — деп хабарлайды 77news ақпарат агентігі. 

Айтыстың аясын осылай кеңейткісі келген азаматтар төл өнердің жаңаша нұсқасын ұсынып отыр. Бұл байқау Астананың  20 жылдығына орай  «Арқа төсіндегі арман қала» деген атпен ұйымдастырылған. Ал, қатысушылар аз ғана  уақыттың ішінде еңсесін тіктеген Елорданың бүгінгі келбетін жырға қосып, елдікті және теңтікті тілге тиек етеді.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев, — Бұл бастама арқылы назардан тыс қалған ақындардың тыныс-тіршілігін, ой-өрісін басылым бетінен көруді жөн көрдік. Сондай-ақ, өскелең жастың қарым-қаблетінің қандай екенін де білуге болады, — дейді.

Фото: Ағаділ Рысмахан қоржынынан

Айтысқа үш жұп, яғни алты ақын қатысып сөз сайыстырады. Әр ақынға үш мүмкіндік беріледі. Алғашқы ақын сөз бастаған соң, қарсыласы жауап беріп отырады. Яғни, газеттің он сегіз нөмерінде ақындар айтысы жарияланады. Ұлттық өнерді дәріптеуге бағытталған байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы айналым осы жылдың қаңтарынан басталып маусым айына дейін жалғасады. Ал, ақындар айтысының соңғы кезеңі 5-25 маусым аралығын қамтымақ. айтыстың электрондық нұсқасы www.akjolgazet.kz сайтында жарияланып отырады. Ақындардың алғырлығын оқырман қауым дауыс беру арқылы шешетін болады. Дауыс беру мерзімі үш апта жалғасады. Нәтижесін 28 маусымда арнайы құрылған комиссия анықтайтын болады.

Газет-айтысқа қатысатын жұптар: Ербол Қамбатыров — Дархан Әбдіманат, Нұрлыбек Құрманов — Қанат Мырзахан, Алик Бекмұсаев — Райхан Мәселбекқызы.

Фото: Ағаділ Рысмахан қоржынынан

Бас ұйымдастырушы, жамбылдық баспасөздің қара шаңырағы «Ақ жол» газетінің бас редакторы Қуат ӘУЕСБАЙ,  — Ұлттық брендіміз айтысты ұлықтау мұнымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өз  жалғасын табады.  Сондай-ақ, осы жылы  Жамбылдық  журналисттердің басын қосатын медиаорталық пен медиамектеп ашу  жоспарда бар, — дейді газет-айтыс жобасының таныстырылымында.