Тараз. 19 қаңтар. 77news — Таразда мемлекет мүлкін жеке мақсаттарына пайдаланып жүрген шенеуніктер азаймай отыр. Мекеме басшылары қызметтік көлікті отбасы шаруасына қолданатын көрінеді. Лауазымдыларға мұндай рұқсатты кім берген? 77news ақпарат агенттігінің тілшілері анықтап көрді.

Естеріңізге салсақ, осыдан  бір ай бұрын басталған «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» акциясын, мемлекеттік қызметкерлер қос қолын көтеріп қолдаған болатын. Алайда іс жүзінде бос «ұран» болып отыр.

77news тілшілерінің назарына іліккен бір ғана мысал. Таңғы сағат жеті  жарым шамасы. Тараз  көшелерінің бірі. Дабылын қосқан полиция мамандары жолындағылардың бәрін ысырып «қызметке» асығуда… Сырт қараған жанға бұл қызметіндегі шұғыл шақыртуға бара жатқандай көрінеді. Ақырын күтсек, құқық бұзушылыққа емес емхана асығыпты олар.

Ал, келесі бір байқағанымыз, 3 мөлтек ауданында орналасқан №28 балабақша алдындағы 0300.08 сериялы көлік болды. Зерделей келе,  бұл көлік ІІД-не қарасты болып шықты. Шенді қызметкер баласын балабақшаға түсіріп кетті.

Көрген көзде жазық жоқ. Келесі ілмекке ілінген көлік 13-мөлтек ауданындағы «Інжу» бөбекжайына бет алған. Ол — 669 АК 08 сериялы, әкімдік қызметшісі. Ішінен «болашақ басшыларды» түсіруде.

Сала мамандарының айтуынша, былтыр бір жылда осындай 16 оқиға ғана тіркелгенді – мыс. Көрсеткіш кемдеу секілді. Өйткені,  бір ғана таңның өзінде біздің камера обьективіне 10-нан аса қызметтік көлік ілікті. Ал, Мемлекеттік қызмет істері  және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі, қымсынбай жүрген қыметкерлер міндетті түрде жаза арқалайды деп сендірді. Түсіру тобының берген бейнесіне байланысты, тиісті жұмыстарды жүргізетіндіктерін жеткізді. Алайда, «Қызметтік көлік – қызметтік мақсатта» акциясында берілген пәрменді тыңдар құлақ, орындар жан болмағаны ма?.

Жауапты мамандар, — Бейнеге түскен көлік қызметкерлерімен жеке-дара жұмыс жасаймыз,-деп сендірді. Алдағы уақытта түрлерін түстеп, есімдерін де естіртпек.