Тараз. 22 қаңтар. 77NEWS — «Қамқорлық — ұлы іс». «77TV» телеарна ұжымы барар жер, басар тауы қалмаған «Аналар үйін» мекен еткен өрімдей қыздардың өмірден шет қалмауы үшін арнайы акция ұйымдастырды. Игі шараның басы-қасында 77NEWS ақпарат агенттігі болып қайтты.

Жетімін жылатпай, жесірін жатқа қимаған қазақ аналар мен балалардың халін әрқашан қаперде ұстаған. Қайырымдылық жасауда қазаққа тең келер халық жоқ. Оған дәлел, телеарна ұйымдастырған акция. Жақсылық жасауға асық жандар телеарнамызға хабарласып, қол ұшын созды. Өңіріміздегі бірқатар кәсіпкерлер жұмылып, қолындағы барын беріп, көмек көрсетті. Сыйлыққа қуанған аналардың, көңілдері бір көтеріліп қалды.

Айта кетейік, қол  ұшын созған «Аstana Park» кинотеатрының ұжымы алдағы уақытта өтетін кино туындыларға тегін билеттер табыстаса, «Жансая Аганас» сұлулық салоны  ынтасы бар бір қызға тегін бет әрлеу курсына жолдама берді. Сонымен қатар, кәсібін өрге дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер балаларға киім-кешектер мен  ойыншықтар, аналарға косметикалық бұйымдар сыйлады. 

Бұл «77TV» коммерциялық телеарнасының  алғашқы қайырымдылық акциясы емес.  Мұндай  игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.