Фото: tengrinews.kz

Жұмыссыздық – елдегі еңбекке қабілетті тұрғындардың бір бөлігі өзіне пайдалы еңбекпен айналысатын кәсіп таба алмай дағдаратын құбылыс. Жұмыссыздардың басым бөлігі: нарықтық экономикада керексіз болып қалған мамандық иелері немесе кәсібін дұрыс таңдай алмаған жандар. Бұл – барлық қоғамда кездесетін құбылыс. Алайда, жұмыссыздарды жұмыспен қамту, олардың әлеуметтік мәселелерін шешетін орталық осы жағдайға қаншалықты көңіл бөліп отыр? Осы сұрақтар төңірегінде 77NEWS ақпарат агенттігі жауап іздеп көрді.  

Бүгінде Таразда тоғыз мыңға жуық адам жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 3 мың адамға өскен. Жұмыссыздық деңгейінің әлі де төмендемеуін қаладағы  «Еңбек биржасы» деп аталып кеткен Әл-Фараби көшесіндегі сап түзеген тұрғындардан-ақ байқауға болады. Тепсе темір үзетін жас жігіттерді де, жасы келген кісілерді де кезіктіресіз. Әйел азаматтары да осында.  Көше бойында сап түзеген жұмыссыздардың қатары күн санап артуда. Ал жергілікті билік жұмыссыздықпен күресте бар болғаны жұмыссыздардың тізімін түгендеу керек деп есептейтін тәрізді.

Фото:abai.kz

Жұмыссыздар жиналатын орындағы азаматтар мемлекет тарапынан қолға алынған қысқа мерзімдік курстар туралы естімепті. Бұл не деген сөз. Демек жұмыспен қамту орталығының жұмыс істеу технологиясы төмен. Халық көп шоғырланатын жерлерде мемлекеттік бағдарлама түсіндірілмеген. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендемей отыр. Бұл бір ғана мәселе.

Ал екіншісі, жоғары білімді жұмыссыздар санының артуы. Бізге базынасын айтқан Ерлан Ибрагимов электрик мамандығын меңгерген. Алайда мемлекет бағдарламасымен үш ай курсты тәмамдаған ол өзінің жұмыссыздық статусынан құтылмаған. Жұмыспен қамту орталығы да бұл мәселені шеше алмаған. Қала тұрғынының айтуынша, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері алдына келген адамды жылы қарсы алып, білмеген, түсінбеген жайттарды толыққанды жеткізбейтін көрінеді. Сауатсыздық тек халық арасында емес, қызметкерлер арасында да кездесіп жататын көрінеді.

Фото:sputniknews.kz

Аты дардай мемлекеттік бағдарламаның халық игілігіне дұрыс жұмсалмауының тағы бір себебі осы болып отыр. Жұмыспен қамту орталығындағы мамандар көмек сұраған жандарға барлық бағдарламаны түсіндірер болса, жұмыссыздар саны әлде қайда басқа көрсеткіш көрсетер ме еді. Атап айтар болсақ, 2017 жылы 9039 адам жұмыс іздеп келіп, тіркелген. Соның 5 мың 97 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған екен. Не керек, статистика бойынша солай. Жалпы, өзі біздегі статистикаға да адам сеніп болмайды. Былайғы жұрттың аузында әңгіме басқаша өрбісе де статистикаға келгенде бәрі керемет сайрап тұратыны қызық.

Бүгінде жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін түрлі шаралар жасалып жатыр. Мемлекеттік бағдарлама аясында тұрақты кәсібін таппай жүрген көпшілікке жұмыспен қамту орталығынан жәрдем көрсетілуде. Жауапты мекеме жұмыспен қамтуды екі бағыт бойынша жүзеге асырып отыр. Алғашқысы жастар практикасы. Мұнда дипломы бар, жоғарғы немесе орта оқу орынды бітіргеніне үш жылдан аспаған, жасы жиырма тоғызға дейінгі жастар тартылады.  Ал екінші бағытта алғашқы талапқа кірмеген жұмыссыздар қамтылады.

Жұмыспен қамту орталығынан кеткен үшінші қателік, ол – жастар практикасына бөлінген қаржының желге ұшуы. Жастарды жұмыспен қамтамасыз ету бар да, оларды соңына дейін қадағалау болмай отыр. Ашып айтайық, жастар практикасына жолданған адам жарты жолда жұмысты тоқтатып, өзінің қалаған тұрмысын кеше алады екен. Ал оның жұмысына деп бөлінген қаржысы алғашқы айда–ақ тиісті мекемеге бөлінеді екен. Жолдама алған жас екі-үш айда келісімді бұзса, қалған айлардың қаржысы қайтарылмайды. Сонда қазына қаржысы желге ұшқанмен тең. Бұл қалыпты секілді. Бағдарлама бөлімдері баста осылай құрылған болуы керек.

Шарапатты шараның жұртышылыққа шашар сәулесі мол дейді сала мамандар. Биылғы жылы енгізілген арнайы әлеуметтік көмек те осының бір парасы болмақ. Арнаулы көмек нағыз жәрдемді қажет ететін аз қамтылған отбасылар үшін арналған екен.

Гүлнар ДІЛДАХАНҚЫЗЫ