-8 C
Taraz, KZ
Суббота, Ноябрь 17, 2018
Басты бет Басты жаңалықтар Облыс әкімі нейрохирургия бөлімі ашылатынын айтты

Облыс әкімі нейрохирургия бөлімі ашылатынын айтты

56
0
Фото:taraztv

Тараз. 23 қаңтар. 77news — Облыс әкімі Асқар Мырзахметов аптаның алғашқы күнін Тараз қаласын аралаудан бастады. Ірі кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарының жұмысымен танысып, алдағы проблемаларды шешуге тапсырмалар берді.

Әкім аралаған алғашқы нысан – Жамбыл ГРЭС-і. Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына өнім шығарып отырған алпауыт кәсіпорын 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кәсіпорынның дамуына өткен жылы 264 млн. теңге инвестиция тартылған. Дегенмен, мұнда әлі шешімін таппаған мәселелер баршылық. Мысалға, кәсіпорын әлі күнге дейін  көгілдір отынның тапшылығын сезініп отыр. Сондай-ақ, аталған нысанның тоқтаусыз жұмыс жасауына мазут бағасының шарықтап кетуі үлкен кедергі келтіріп отыр. Өндіріс ошағының жай-күйіне қаныққан Асқар Мырзахметов жауапты басшыларға бағаны ретке келтіріп, еңбек өнімділігін жақсартуды  тапсырды.

Аймақ басшысы сондай-ақ,  жылына 219 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы Тараз қант зауытының да жұмысымен де танысты.

Сонан соң өңір басшысы шаһар жұртшылығын жылумен және электр энергиясымен  қамтып отырған «ТаразЭнергоОрталық» мекемесінде болды. Қазіргі таңда қала халқының 80, бюджеттік мекемелер мен басқа да заңды тұлғалардың 20 пайызы осы кәсіпорынның негізгі тұтынушылары. Мекемеде  былтыр 224,4 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.  Әйтсе де, бұл кәсіпорын да көгілдір отынның тапшылығынан зардап шегіп келеді. Бұдан бөлек мекеме орналасқан ғимараттардың ескіруі жайлы жұмыс жағдайын жасауға жол бермей отыр. Осыған қарамастан, мұндағы  шығаратын өнім бағасы басқа өңірлерге қарағанда 20 пайызға арзан.

Асқар Мырзахметов келесі кезекте «Фабрика ПОШ-ТАРАЗ»  ЖШС-ның жұмысымен танысты. Кәсіпорын қазіргі уақытта өңдеу өнеркәсібімен айналысады: жүн жуады, өңдейді, иіреді. Фабрика сонымен бірге сапалы былғары  аяқ киім шығарады. Өнімді сату нарығы – Қазақстан, Ресей мен Қытай елдері. Проблемасы – шикізатты әлдеқайда жоғары  бағамен қытайлықтар сатып алуда. Осы мәселенің алдын алу үшін аймақ басшысы фабрика басшылығы мен әкімдік арасында жылдық жоспар түзілуі керек екенін айтты.

Облыс әкімі сонымен бірге, бұрынғы «Шахристан» базарының  орнын, «Mart» сауда үйін, №4-ші өзбек орта мектебіне де ат басын бұрды. Сонымен қатар, жақында ғана пайдалануға берілген «Кәсіпкерлер үйінде»  жеке кәсібін ашуға ниетті азаматтармен тілдесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Мұндағы қызметкерлерге орталықтың атына заты сай, бір терезе қағидасы бойынша жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге, мейлінше қағазбастылықтан арылуға  тапсырма берді.

Асқар Исабекұлы ат басын бұрған келесі нысан облыстық аурухана болды. Қаншама жанның өміріне араша болып келе жатқан мекеме де мәселелерден ада болмай шықты. Өйткені, мұндағы «Инсульт» бөлімі тиісті талапқа сай емес, ал «Нейрохирургия» бөлімі мүлде жоқ. Аймақ басшысы бұл мәселелердің келешекте қарасатырылатынын жеткізді. Асқар Мырзахметов Қайрат Рысқұлбеков саябағында да назар аударуы тиіс бірқатар жайттарды  көтерді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы 14-ші шағын ауданның жоспарымен де танысты. Мұндағы салынатын көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші қабатын коммерциялық мақсатқа беруді, сонымен бірге осы аумақтан демалыс орталығын салуды ұсынды. Әкім айтқан тағы бір мәселе, қаладағы тым ескі үйлерді сүріп, ал ондағы тұрғындарға жер беру мәселесін ойластыру қажеттігін айтты.  Жаңадан бой көтеріп жатқан шағын ауданның сәні мен сапасы сай болуына ерекше назар аудару керектігін ескертті.

77 NEWS