Фото:Tengrinews

Тараз. 23 қаңтар. 77news — Қытымыр қыста өрт қауіпі айтарлықтай артатыны белгілі. Ақаулы пештер, түтін мұржалары және басқа да жылыту құрылғылары апатқа апаратыны айдан анық. Осындай олқылықтардың алдын алуға байланысты, облыста төтеншеліктер арнайы рейд ұйымдастырды. Өрт қауіпсіздігі ережелерінің негізгі талаптарын түсіндірді.

Рыспек батыр көшесін бойлай орналасқан көпқабатты үйде, жүзге жуық отбасы тұрақтаған. Бүгінде олардың 50-і ғана көгілдір отынды пайдалануда. Өзгелердің газ құбырларын қостыруға қауқары жоқ, 100 мың теңгенің өзі қалтаға салмақ салады екен. отыр. Сондықтан рұқсат етілмеген, электр жылытқыштары мен пештерді, газ цилиндрлерін пайдалануға мәжбір. Деседе, аталған себептермен 3 жыл бұрын дәл осы пәтерлердің бірінде, жарылыс болған көрінеді.

Өткен жылы Жамбыл облысында дәл осы газ баллондарына қатысты 17 төтенше жағдай тіркеліпті. Оның 3-і жарылыс дерегі. Мұндай оқыс оқиғалар биылда орын алған. Мәселен, Қордай ауданында жеке тұрғын үй кешенінің бірінде газ баллоны жарылды. Салдарынан жақын маңда жұмыс істеп жүрген жұмысшыларды күйік шалып, терезелер сынып, үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болған. Ал, төтеншеліктер осы сынды оқиғалардың алдын алу мақсатында облыс тұрғындарымен кездесулер өткізіп, өрт қауіпсіздігі техникасын түсіндіріп тұрады екен.

Рейд соңында төтеншеліктер тұрғындарға тағы да ескерту жасады. Көгілдір отын құбырдан шыққан жағдайда жарылыс немесе уланып қалуы мүмкін екендіктерін жеткізді.  Сол үшін де қауіпсіздік шараларын жүргізіп, сақ болуға шақырды. Ал, төтенше жағдай туындаған кезде, дереу 104-ке қоңырау  шалып  құтқарушыларды шақырту керек!