Тараз. 24 қаңтар. 77news — Әлеуметтің әлеуетін артыру, қаланың көркін кіргізу үшін облыс әкімі бүгін жауапты басшылардың басын қосып, жиын өткізді, — деп хабарлайды 77news ақпарат агентігі.

Өңір басшысы алдымен қала атқа мінерлерінен өндіріс саласындағы мәселелер жайын сұрады. Айталық, бүгінде облыс орталығында 40-тан аса өнеркәсіп бар. Олардың тек 4-і ғана республикалық индустрияландыру картасына кіреді екен. Сондай-ақ, біздің өңірдегі кәсіпкерлер саны 18 мыңға жуық.  Алайда, шағын және орта кәсіпкерліктің өндірістегі пайыздық үлесі төмен. Һәм қаланың қақ ортасында қаңырап тұрған ғимараттар жетерлік. Ақталуға асығатын жауаптылар сабаққа шала дайындалған оқушыдай шашыраңқы ойын жеткізе алмай әлек. Әйтеуір, «істеп жатырмызбен» қатырады.

Сұрақтарына мардымды жауап ала алмаған Жамбыл облысы әкімі Асқар Мырзахметов, — неге сол ғимараттарды пайдаланбайсыздар? Кімге  тиесілі? Зерттеу керек. Болмаса, басқа облыстардан кәсіпкерлерді тартайық, солар кіріссін бұл іске, — деп мәселені шешудің жолын ұсынды.

Бұл проблемманы шешу үшін нақты мерзім де белгіленді. Ал, Асқар Мырзахметов, сауда –логистикалық орталық  ашу мен қала маңынан  индустриалды аймақ құру жайын қозғады. Әсіресе, алғашқысының біздің өңір үшін тиімділігі орасан.

Мәжілісте қарастырылған тағы бір мәселе – тасын түртсең тарихынан сыр шертетін шаһардың шырайын арттыру. Яғни, көз сүрінетін жабайы жарнамадан бастап, енді ғана салынып жатқан көпқабатты үйлердің сапасына да қазірдің өзінде қатаң қадағалау қажет. Ал, жиын соңында, Асқар Мырзахметов қордаланған мәселелерді шешу үшін бұл тектес отырыстар жиі өтетінін баса айтты.