Тараз. 24қаңтар. 77news — Кірген кіріс, шыққан шығыс – бәрі жіті қадағалауда. Жұмысты одан әрі жүйелеу үшін осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа салық кодексі енгізілген еді. Ал, бүгін Жамбыл облыстық кірістер департаментінің мамандары орын алған өзгерістерді  шағын және орта бизнес өкілдері арасында  жіті түсіндіру мақсатында семинар өткізді,- деп хабарлайды 77news тілшіcі.

Атап айтқанда, жаңа кодекс адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталады. Барлық түсініксіз және олқы тұстар салық төлеушілердің пайдасына шешілетін болады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамытуды көздейді. Мәселен, патент үшін төленетін салық көлемі 2 ден 1 пайызға  дейін қысқармақ. Бұдан бөлек, шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету үшін жаңа баламалы тәртіп ұсынылуда. Бұл айналымы үлкен, бірақ аз пайда табатындар үшін тиімді болмақ. Ол өз түсімінің жартысын растаусыз шегеруі мүмкін. Ал егер шығындарының есебін жүргізсе, оған бұл үшін сыйақы алады.

Сондай-ақ, әлеуметтік салық 11-9,5 пайызға төмендеген. Тағы қосымша құн салығының шоты да ауыспақ. Ал, тауар үшін төленетін сомма екі түрде жүргізіледі.

Семинар соңында кірістер департаментінің қызметкерлері өткен жылды қорытындылады. Салықшылар жоспарды 105 пайызға орындадық деп отыр. Осылайша, қазына қаржысы 3,8 млрд теңгеге көбейген.