Тараз. 25қаңтар. 77news — Биылдан бастап жамбылдық шаруалар жаңа сұрыпты қант қызылшасын екпек. Бұл туралы ауыл шаруашылық басқармасының есеп беру жиынында сөз болды, -деп хабарлайды 77news ақпарат агентігі.

Биылдан бастап, үкімет 10 жылдан астам уақыт бойы бір тұқымды егіп келген шаруаларға субсидия төлемеуі мүмкін. Өйткені, ғалымдар тұқымның 10 жылда өнімділігін жоғалтатынын дәлелдеген екен. Бұл бас агрономның  шаруаларға ескерту еді.

Жалпы, өткен жылы ауыл шаруашылық саласында – 255 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Оның ішінде егін шаруашылығының үлесі – 138 млрд, ал мал шаруашылығы – 116 млрд теңгені құрапты. Мәселен, былтыр тәтті түбір 9,5 мың га отырғызылған. Алайда оның 652 га есептен шығарылыпты. Шаруалар мұның себебін тұқымның нашар болуымен байланыстырады. Ал сала мамандары шаруашылық субъектілерінің қант қызылшасына жіті көңіл бөлмеуінен деп отыр.

Осы мәселеге байланысты, Франциядан арнайы мамандар алдырылып, өңірге қарасты бірнеше ауданды аралап шыққан. Нәтижесінде, франциялық агрономдар «биыл тұқымды тегін беруге дайын» екендіктерін айтқан. Ал оны мамандар тиісінше фермерлерге үлестіретін болады. Сонымен қатар, өңірдің бас агрономы Нұржан Нұржігітов, «Биыл «авантаж» сұрыпты қызылшадан бас тартып отырмыз», — дейді. Оның орнына Франциядан «Кислин бункер» және «Эйда» деген сұрыпты алып жатқан көрінеді.

Сондай-ақ, жиын барысында ауыл шаруашылығы саласының жылдық есебі тыңдалып қана қоймай, 2018 жылға арналған жоспарлар да тілге тиек етілді. Мәселен, қазір облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытудың картасы әзірленіп жатыр. Һәм «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында аграрлық салаға мүмкіндігінше заманауи технологиялар енгізілетін көрінеді.