Фото:inform.kz

Тараз. 26 қаңтар. 77news — Үндістанның Жамму мен Кашмир штаттарындағы Сринигаре қаласында Мұхамед Хайдар Дулати жерленген кесене жаңартылды. Аталған игі жұмыстың құрметіне орай бірлескен қазақстандық-үндістандық конференция ұйымдастырылды, — деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА-ның меншікті тілшісі.

Әйгілі «Тарих-и-Рашиди» еңбегінің авторы ұлы моғолдар империясының сұлтандары жатқан «Мазар-и-Салатин» қорымына жерленген. Кесенеде урду және ағылшын тілінде жазылған тақташа бар. Бұл ақпараттық тақташа 2015 жылдың қыркүйек айында  Қазақстанның  Үндістандағы елшісі  Болат  Сәрсенбаевтың  сапары  кезінде орнатылған болатын. «Ақпараттық тақташаның мәтінін Қазақстанның Үндістандағы елшісі мен Тараз қаласындағы Мұхамед Хайдар Дулати атындағы мемлекеттік университеттің қызметшілері әзірлеген еді.  Жауапты мекемеден мәтін мазмұны үшін рұқсат алу  екі жылға созылды. Ақыры, Үндістан археологиялық басқармасының қолдауымен біз халқымыздың  ұлы тұлғасына құрмет көрсету мүмкіндігіне ие болдық», — дейді Болат Сәрсенбаев.

Фото: inform.kz

Елшіліктің бастамасымен Кашмир университетіндегі  Орта Азияны зерттеу орталығының қолдауымен «Мұхамед  Хайдар  Дулати: Қазақстан мен Үндістан арасындағы алтын көпір» атты халықаралық конференция ұйымдастырылды.

Конференция жұмысына М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметқали Сарыбеков бастаған делегация, Қазақстан ғылым академиясының шығыстану институтының директоры Әбсаттар Дербісәлі, Үндістанның Сринигар археологиялық басқармасының Сринигар бөлімшесінің басшысы Васант Кумар Сварнакар, Жамму мен Кашмир штаттарының туризм департаментінің директоры Махмуұд Ахмад Шах, Кашмир университетінің Орта Азияны зерттеу орталығының директоры Г.Н. Каки мен Үндістанның 100-ге жуық ғылым өкілдері қатысты.

Болат Сәрсенбаев өз сөзінде Қазақстан мен Үндістанның стратегиялық ынтымақтастығы туралы сөз қозғап, әсіресе білім саласындағы байланыстың нығайып келе жатқанын айтты. Білім саласына берілетін басымдық Қазақстан Президентінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында ерекше аталып өткенін тілге тиек етті.

Қазақстан тарапынан Мұхамед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылы туралы қазақстандық және үндістандық бірнеше ғалым баяндама жасады. Ашық диалогтан кейін М.Х.Дулати атындағы ТарМУ мен Кашмир университеті арасында ынтымақтастықты дамыту бойынша келісімге қол қойылды.

Фото:inform.kz