Фото:Nur.kz

Тараз. 26 қаңтар. 77news — Қара шаңырақ саналатын  «Қазақстан» телерадиокорпорациясында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды, — деп хабарлайды 77news.kz телерадиокорпорацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мақпал Жұмабай «Balapan» арнасының директоры қызметіне келді. Мақпал Жұмабай алғашқы еңбек жолын республикалық «Ана тілі» ұлт газетінің тілшісі болып бастаған. Әр жылдары «Qazaqstan» телеарнасы таңғы бағдарламалар бірлестігінің редакторы, шеф-редакторы, сондай-ақ, «Balapan» арнасының шеф-редакторы, продюсері қызметтерін атқарған. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, ҚР Президент қоры грантының иегері.

Ал, ,балалар арнасын басқарып келген Жанар Шәмел «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Ол еңбек жолын «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасындағы таңғы бағдарламалардың жүргізуші қызметінен бастаған. Ұзақ жылдар «Таңшолпан» хабарының тікелей эфирін жүргізіп, шеф-редактор, продюсер қызметтерін атқарды. 2010 жылы Елбасының бастамасымен ашылған тұңғыш «Balapan» телеарнаcының негізін қалаушылардың бірі, алғашқы директоры болған.

Әзімхан Аусатов «Қазақ радиолары» ЖШС Бас директорының орынбасары қызметіне отырды. Әзімхан Аусатов әр жылдары «Қазақ радиосында» редактор, ақпаратты-сараптамалық және таңғы бағдарламалар редакциясы жетекшісінің орынбасары, аймақтар редакциясының жетекшісі, шеф-редакторы қызметтерін атқарып келген.

«Қазақ радиосының» директорлық лауазымының тізгіні Нәзира Бердалыға бұйырды. Назира Бердалы еңбек жолын «Qazaqstan» телеарнасында таңғы бағдарламалардың редакторы болып бастаған. Әр жылдары телевизия саласында жүргізушісі, шығармашылық топтың жетекшісі, бас редактордың орынбасары болып қызмет етті. ҚР Президентінің әдебиет саласындағы сыйлығының иегері.

Ал, «Шалқар» радиосының директоры болып Қалқаман Сарин тағайындалды. Қалқаман Сарин 2013 жылы «Астана» телеарнасында «Кеш емес» саяси-әлеуметтік ток-шоуының және 2016 жылы «Qazaqstan» арнасында «Ой-толғау» бағдарламасының жүргізушісі болды. Мемлекеттік «Дарын» Жастар сыйлығының, ҚР Президент қоры грантының иегері.