Фото: zhambylnews.kz

Тараз. 26 қаңтар. 77news — Аудандарға арнайы ат басын бұрған Асқар Мырзахметов, бұл жолы Жуалыға бет алды. Жұмыс сапары барысында өндірістік, әлеуметтік нысандарды көріп, ондағы өзекті мәселелерді шешу жайына баса назар аударды, — деп хабарлайды 77news ақпарат агентігі .

Алдымен Азиядағы алып күн электр станциясы, «Бурное Солар-1» ЖШС-де болған басшы, аймақтағы ауыл шаруашылығына айтулы үлес қосып отырған өндірістерді де аралады.

Одан соң 125 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Гамбург» серіктестігінде болып, «сүт тауарлы фермасының» құрылысына мемлекеттен қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Былтырғы жылы 8 300 тонна сүт өндірген «Бурное сүт компаниясының» жүйелі жұмыстарына да көз салды.

Жұмыс тобы мұнан соң ет бағытында елеулі еңбек етіп жатқан «Ақсай 2016» кооперативіне ат басын тіреді. Қазір мұндағы ірі қара малдың жалпы саны 1 350 басқа жеткен.

Сонымен бірге, аймақтағы сапарында Асқар Исабекұлы «Теріс-Ащыбұлақ» су қоймасының да техникалық жағдайын назардан тыс қалдырмады. Қазір таңда бөгетке 72 миллион текше метр су жиналған. Жалпы сыйымдылығы 145 миллион текше метр болатын суқоймасын қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуді қажет деп ескертті.

Облыс әкіміне қысқы спорт түрлеріне арналған «Көксай» мен «Қаралма»  тау шаңғысы кешендері құрылысы жүргізілетін орын да таныстырылды.  Мұнда бір мезгілде 3000-5000 адамға қызмет көрсететін демалыс орталықтары бой көтереді. Демалыс орталықтарында қыс айларында тау шаңғысы мен сноубордпен айналысуға мүмкіндік берілсе, жаз айларында велотуризм, жылқымен серуендеуге жағдай жасалаған. Туризмге көңіл бөлген аудан азаматтарының толайым тірліктері әкімді қуантып тастады.

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов жұмыс сапарының қорытындысы бойынша аудан активтерімен жиын өткізіп, аймақтағы  жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.