Фото:inform.kz

Тараз. 28 қаңтар. 77news — Өзбекстанның 44 азаматы бар автобус Жамбыл облысындағы халықаралық жолда  бұзылды, — деп хабарлайды 77 news ақпарат агентігі ТЖД хабарламасына сілтеме жасап.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 27 қаңтарда Мерке ауданының Аспара ауылынан 15 км қашықтықта Батыс Еуропа — Батыс Қытай автожолында автобус бұзылған. Автокөлікте Өзбекстанның 44 азаматы болған. Автобус Сарыағаштан Алматыға бағыт алған екен.

Баспасөз қызметінің аймақтық басшысы Сәуле Мұнатаеваның айтуынша, автобустың жолаушылары жұмыс істеуге бара жатқан көрінеді. Оқиға сағат 13:12-де хабарланған, ал құтқарушылар сағат 15:30-да келіп,  автобус жолаушыларын автожолдың бойында орналасқан «жылу пункттерінің» біріне көшірген. Содан соң Алматыдан жұмыс беруші келіп, жолаушыларды алып кеткен.

Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті облыстық жолдарда транзиттік жүргізушілер үшін 16 жылу пункті ашылғанын айтады. Оның 10-ы республикалық маңыздағы автожолдарда, 6-ы облыстық жолдарда орнатылған. Сондай-ақ, жол бойында орналасқан қоғамдық орындар мен асханалар, мектептер мен мешіттер де жылу пункттері ретінде пайдаланылады.