Фото: inform.kz

Тараз. 29 қаңтар. 77news — 2018 жылдың маусым айында Қазақстан электронды денсаулық паспортын ілкі жоба ретінде енгізбек. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру тақырыбында өткен Үкімет сағатында еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2018 жылдың маусымында интеграциялық тұғырнама мен электронды денсаулық паспортын ілкі жоба ретінде енгізу жоспарланып отыр. Әкімдіктермен бірлесіп жылдың соңына дейін медициналық ақпараттық жүйелермен барынша қамту жоспарланған», — деді ол.

Министрдің айтуынша, электронды денсаулық паспорты арқылы дәрігерлер пациенттің денсаулығына қатысты барлық ақпаратты алатын болады. Пациентке де аталған ақпараттар қолжетімді болады. Сонымен қатар ол медициналық ұйымның көрсеткен қызметіне де баға бере алады. Аталған нәтижеге қол жеткізу үшін алдымен министрлік денсаулық сақтаудың интеграцияланған тұғырнамасын құрады. Тұғырнама базасында электронды денсаулық сақтау паспорты, пациенттің және дәрігердің жеке кабинеттері болады. Пациенттің жеке кабинеті азаматқа денсаулығының жай-күйіне, денсаулық сақтау қызметтері туралы қажетті ақпараттарды алуға мүмкіндік береді. Ал дәрігердің жеке кабинеті дәрігерге пациенттің денсаулығы жайында барлық мәліметтерді алып, онымен кері байланыс орнатуға жағдай жасайды. Дегенмен, электронды денсаулық паспортын табысты енгізу үшін барлық медициналық ұйым пациент туралы мәліметтерді беруі және әрбір медициналық қызметті цифрлық форматта жүргізуі тиіс.

«Ол үшін барлық денсаулық сақтау ұйымдарын медициналық ақпараттық жүйелермен 100 пайыз қамтып, интернетке шығатын техникалармен толықтай қамтамасыз ету қажет», — деді Елжан Біртанов.

Осы ретте министр медицина қызметкерлерінің арасында компьютерлік сауаттылық мәселесі де өзекті болып отырғанын жасырмады.

«Осы тұрғыдан келгенде ағымдағы жылы медициналық жоғары оқу орындарында ақпараттық технологияларға бағдарланған оқу бағдарламасын енгізу жоспарланып отыр», — деді министр.