XXIII Олимпиадаға елімізден 57 спортшы қатысады

0
49
Фото:Baribar.kz

Тараз. 30 қаңтар. 77news — Бүгін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін XXIII Олимпиада ойындарының басталуына 10 күн уақыт қалды. Қазақстан Ұлттық құрамасынан дүбірлі додаға  57 спортшы қатысатыны анықталды. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жария етті, — деп хабарлайды 77news тілшісі.

Төрткіл дүние көз тігетін басты додаға Қазақстан құрамасыспорттың 9 түрінен 57 жолдама жеңіп алған.  Олар: биатлоннан – 10; мәнерлеп сырғанаудан – 3; шорт-тректен – 12; конькимен сырғанаудан – 12; шаңғы жарысынан – 7; фристайл-могулдан-4; фристайл-акробатикадан-5; тау шаңғы спортынан-2; трамплиннен секіру-1; шаңғы спортынан-1.

Қазір спортшылар соңғы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олимпиада қалашығына қазақстандық спортшылардың алғашқы легі 1-ші ақпан күні барып орналаса бастайды. Ал соңы 7-ші ақпанға дейін жетіп болады. Бұл күні Олимпиада қалашығында қазақтың көк байрағы көтеріледі.

Естеріңізге сала кетейік, ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындары 9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның   Пхёнчхан қаласында өтеді. Оған 95 мемлекеттен 2 900 спортшы мен ресми өкілдер қатысады деп жоспарлануда. Ал Олимпиаданың ашылу салтанатында ел туын шорт-трекші Абзал Әжғәлиев ұстап шығады.