Фото: Kursiv.kz

Тараз. 30 қаңтар. 77news — «Тараз» футбол клубының басшылық құрамы ауысты. Қанат Мұсатаев клубтың директорлығына, Ваит Талгаев бас бапкерлікке тағайындалды, — деп хабарлайды 77news ақпарат агентігі. 

Фото: inform.kz

Қанат Мұсатаев 1970 жылы шырайлы шымқалада  дүниеге келген. Шымкент футбол клубының тәрбиеленушісі. Ол кәсіби футболшы ретінде «СКИФ — Ордабасы» (Шымкент), «Шахтер» (Қарағанды), «Ертіс» (Павлодар),«Тараз», «Қайсар» (Қызылорда), «Есіл — Богатырь» (Петропавл) сынды клубтарда өнер көрсеткен. Ұлттық құрама сапында 9 ойын өткізген.

1994 жылғы Қазақстананның үздік ойыншысы атағына ие болған. 5 мәрте Қазақстанның үздік 33 ойыншысы тізіміне енген.

2004 жылдан бастап бапкерлік кезеңі басталған. «А» жаттықтырушылар лицензиясының иегері.

Ол соңғы екі жылда Шымкенттегі «Оңтүстік» футбол академиясында жұмыс істеген, ал оған дейін ҚФФ спорт директоры болды.

Фото: fctaraz.kz

Ал атақты жерлесіміз Ваит Талгаев «Тараз» футбол командасының бас бапкері болып тағайындалды. Ол 1953 жылы Жамбыл жерінде дүниеге келген. Ұлты шешен. Кеңес Одағының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстанның ең үздік бапкерлерінің бірі саналады.

Футболшы ретінде КСРО- чемпионатының жоғарғы дивизионында ойнаған. Сонымен қатар, Алматының «Қайрат» клубының да намысын қорғады.

Жаттықтырушы ретінде әр жылдары Қазақстандық «Ертіс», «Жетісу», «Қайсар» клубтарының бас бапкері болды. Тіпті, Грозныйдың атақты «Терек» командасын жаттықтырып, сол құраммен Ресей кубогін жеңіп алған.

Ваит Талгаев қай команданы жаттықтырса да өзінің асқан біліктілігімен есте қалды. Және ол жаттықтырған командалар жоғарғы орындардан көрінеді.

Ваит Талгаевтың есімі «Тараз» футбол жанкүйерлеріне де жақсы таныс. Ол 1990-1992- жылдары Жамбылдық «Химик» командасын жаттықтырса, 1996- жылы Талгаевтың бапкерлігімен «Тараз» командасы алғаш рет Қазақстан чемпионы болды. 2010-2011 жылдардағы футбол маусымында тағы да «Тараз» командасын жаттықтырды. Одан кейінгі кезеңде Шешенстан елінде еңбек еткен.