Фото:nashbryansk.ru

Тараз. 30 қаңтар. 77news — Таиландта танымал жағажайларда темекі шегуге тыйым салынады. Енді құқық бұзушылар айыппұл төлеп, тіпті түрмеге жабылатын көрінеді. Бұл туралы қазақстандық туристік агенттік директорының бірі Бахтияр Исхақов Facebook парақшасында жазған.

«Темекі шегетін туристтер назарына! 1 ақпан 2018 жылдан бастап тайлық жағажайларда темекі тартуға тиым салынады. Егер шылым шегіп ұсталсаңыз  3000 доллар көлемінде айыппұл төлейсіз, кей жағдайларда қамаққа алынасыз. Ал егер заң бұзушылығыңызды аса ауыр деп тапса айыппұлды да төлейсіз, түрмені де көресіз,» — деп жазады ол.

Сондай-ақ, Бахтияр Исхақовтың мәліметінше, электронды шылымдарды пайдалану да заңға қайшы екен. Және агенттік директоры, «Тайлық билік темекі өнімдерін пайдаланғаны және заңсыз әкелгені үшін үш жыл бас бостандығынан айырады», — деп ескертеді.

Айта кетейік, жағажайларда темекі шегуге тыйым салу туралы шешім демалыс орындарында тұқылдың шамадан тыс көбейіп кеткендігінен соң қолға алынған екен. Bangkok Post сайты хабарлағандай, бұл заң 2017 жылғы 1 қарашада қабылданған, алайда Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігі заң 90 күннен соң Патшалықтың 15 облысында 24 жағажайда күшіне енесін деген болатын.